ТКШ

Үкіметте баспана мәселесі қаралды

 

Жыл басынан «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасы аясында елімізде 1,5 млн шаршы метр баспана қолданысқа беріліпті. Бұл – жылдық жоспардың 23 пайызы. Жалпы тұрғын үй құрылысына 86,4 млрд теңге инвестиция бағытталыпты. 2013 жылы жалға берілетін коммуналдық баспана құрылысына 17,5 млрд теңге құйылыпты. Дегенмен жұмыс өңірлерде әлі де қарқын алмай отыр. Бөлінген қаражатты игере алмай жатқандары да бар. Біздің өңірде бұл көрсеткіш – 77 пайызды құрайды. 135 млн теңгенің 104 млн-ы игерілген. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы бойынша 3 баспанадағы жұмыстар аяқталмапты.

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Жас жанұяларға берілетін үйлер бойынша қаражаттың 87 пайызы игерілді. 60 млн теңгенің 53 миллионы жұмсалды. Ал инженерлік-коммуникациялық желілер бойынша қаражатты іске жарату көрсеткіші – 69 пайызды құрады. 1 тоқсанда қаражатты игеру бойынша артта қалдық. Мәселені шешетін боламыз.

Айта кетерлігі, өңіріміз тұрғын үйлерді жаңғырту жұмыстарының қаражатын қайтарып, сол ақшаға өзге үйлерді қалпына келтіруге кіріскендер қатарында.

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Тұрғын үй құрылысы мен жөндеу жұмыстары 5 бағыт бойынша жүзеге асырылмақ. Қаржы жинау арқылы алу, жалға беру, жас отбасы, инженерлік инфрақұрылым және ТКШ жаңғырту. Біз осы 5 бағытты жекелей қарастыратын боламыз. Бұл жұмысқа әрбір басқарма жауапты.

Қазіргі таңда аймақта тұрғындардан қалпына келтіру шараларына алдын ала қаражат жинау мәселесі әлі де шешімін таппай отыр.

Сергей Худяков, облыстық пәтер иелері кооперативтері қауымдастығының төрағасы:

– Алдын ала қаражат жинау жағы әлі де қиын. Биыл тұрғындар жалпы жөндеуге жоспарланған қаражаттың 3 пайызын жинау керек болса, ендігі жылы ол көрсеткіш 5 процентті құрамақ. Сондықтан бұл жүйенің дұрыс екенін тұрғындар түсінсе дейміз.

Соңғы кездері петропавлдықтар бағдарламаға сенім білдіруде. Жөндеу жұмыстарының ауқымы мен сомасы да біршама артыпты.

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Кейбір үйлердегі жөндеу жұмыстарын жалғастыруға да болады. 2011 жылы 400 млн теңгеден астам сомаға 46 үй жөнделсе, өткен жылы үйлердің саны дәл осындай болғанмен, қаржы 2 есе артық болды. Ал биыл 1 млрд 600 мың теңгеге 60 баспана жөнделмек.

Ең бастысы, сапалы қызмет көрсету. 1-ші жартыжылдықтың соңында қаражатты игере алмаған өңірлерге бөлінген ақша қайта қарастырылмақ. Сондықтан Самат Ескендіров тұрғын үйлерді қалпына келтіру және салу жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

Инеш Шоқақова