Спорт

Шахматшылар фестивалі

«Қозғасаң – жүр, ұстасаң – ал». Бұл шахмат ойынының басты ережесі. Облыстық турда әр ойынға 1 сағат уақыт беріледі. Осы аралықта қарсыластан айла-тәсілді асырып үлгеру керек. Қазыбек Абдуғаппаров сәттіліктің қолында болатынына сенімді. Өйткені бұл оның интеллектуалдық жарысқа алғаш қатысуы емес.

Қазыбек Абдуғаппаров, Петровка орта мектебінің оқушысы, Есіл ауданы:

– Мен бұл жарысқа 3 жыл қатысып келемін. Облыста 1-ші орынды иелендім. Осы жолы да намысты қолдан бермеймін.

Жеңімпаздар 3 жас ерекшелігі бойынша анықталмақ. Командада 4 адамнан. Әрқайсысы барынша дайындықпен келіпті.

Қызғалдақ Қазиева,  жарысқа қатысушы, Есіл ауданы:

– Мен компьютердің көмегімен дайындалдым. Өзімнің  командамдағы ойыншылармен сағаттап ойнайтынбыз.

«Ақбоз ат» фестивалі осымен 3 -ші жыл қатарынан ұйымдастырылуда. Өкінішке қарай, ел көлемінде біздің құрама әлі жеңіске жетпепті. Сондықтан талпынуға тұрарлық мақсат бар дейді ұйымдастырушылар.

Тұрлыбек Қалижанов, СҚО білім басқармасы жанындағы өңірлік орталықтың бас инспекторы:

– Мұндай турнир арқылы балалардың шахмат спортына қызығушылығын арттырмақпыз. Жеңімпаздар дипломдар және медальдармен марапатталады.

Жарыс 3 күнге жалғасады. Жеңімпаз атанған 12 оқушы республикалық кезеңге жолдама алмақ. Ол сәуірдің 21-і күні Павлодар қаласында өтеді.

Инеш Шоқақова