Ауыл шаруашылығы

Қызылжар ауданы көктемгі егіске әзірлігін аяқтауға жақын

Кездесуде “Сервис -ЖАРС” серіктестігінің директоры Сергей Клименко көктемгі дала жұмыстарына толығымен дайынбыз деді. Егін себуге арналған 12 техника сақадай сай тұр. Шаруашылық иесі 10 жыл бұрын өз ісін 2 млн долларды несиеге алып, аумағы 1 мың гектар жерден бастаса, қазір 8 мың гектар алқабы бар.

Сергей Клименко, “Сервис – ЖАРС” ЖШС директоры:

-Биыл 3 мың гектарға дәнді дақыл, ал 2 мыңына майлы дақыл егеміз. Біздің тұқым – 1-ші және 2-ші класты. Жанар-жағар майдың 70 пайызын жинап қойдық. Қалған 30 пайызын айдың соңына дейін әкелеміз. Сеуіп болғаннан кейін қажетті құжаттарды тапсырып, субсидия алмақшымыз.

Сергей Клименко мемлекет қолдауын ерекше бағалап отыр. Жанар-жағар май жеңілдетілген бағамен беріледі. Биыл лизингке жаңа комбайн алыпты. Жұмысшылары да құр қол отырмайды. Жуырда олар өз күштерімен тұқымсепкіш құрастырған. Осылайша, ол қымбат баламасына қарағанда айтарлықтай арзанға түскен.

Николай Руденко, ұста:

-Бұл сепкіш майлы дақылдарды егуге арналған. Өйткені, кәдімгілері майлы дақылдың дәнін 3 см-ге дейін тереңдете алмайды. Ол үшін сырғымаларын ауыстырып, табандарын жетілдірдік. Желдеткіш қойдық. Жоба сәтті шықты деп ойлаймын. Енді, егін себуде сынағалы отырмыз.

Жалпы, Қызылжар ауданына көктемгі дала жұмыстарына жанар-жағармайдың 4,5 мың тоннасы қажет екен. Қазір осы мақсатта кәсіпкерлер жеңілдетілген сұйық отынға келісім-шарт жасасуда.

Рүстем Рамазанов, Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары: -Бүгінде аудан бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жанар-жағар майдың 65 пайызын жеткізіп алды. Тұқыммен 100 пайызға қамтылған. Барлығы – 25 мың 600 тонна.

Қызылжарлықтар биыл дәнді дақылды 150 мың 200 гектарға екпекші. 21 мың 500-ін майлы дақылдарға арнап отыр. Ал, жем-шөптің алқабын 2 есеге кеңейтіп, 10 мың 600 гектарға отырғызбақшы.

Данаш Хамзина