Бизнес және экономика

Облысқа ел бюджетінен қосымша қаржы бөлінді

 

Сессияда депутаттардың қарауына 5 мәселе шығарылды. Солтүстік Қазақстан облысының әкімшілік-аумақтық құрылысын өзгерту жөніндегі мәселелер қаралып, 2013-2015 жылдарға арналған өңір бюджеті нақтыланды. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Зиядден Молдағанапов өз баяндамасында облысқа республикалық бюджеттен қосымша 1 млрд теңгеден астам мақсатты трансферттердің бөлінгенін жеткізді.

Зиядден Молдағанапов, СҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы бастығының міндетін атқарушы:

– “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында индустриалдық инфрақұрылымды дамытуға 601 млн теңге, Петропавл қаласының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамытуға 446,5 млн теңге бөлінді.

Сондай-ақ, жергілікті бюджет есебінен облыстық маңыздағы автомобиль жолдары мен елді мекендердегі көшелерді күрделі және орта жөндеу жұмыстарына 672 млн теңге көлемінде қаржы бағыттау ұсынылды. Жобаны депутаттар бірауыздан қабылдады.

Жиында депутат Кенжебай Қашаевтің мекен-жайы мен жұмысын өзгертуге байланысты өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату бойынша ұсыныс  мақұлданды. Қар еріген уақытта төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою комиссиясының жеке құрамының қабылдануы да өзекті мәселе.

Асхат Бәкішев, СҚО төтенше жағдайлар департаментінің бөлім бастығы:

-Аталған комиссия өңірде төтенше жағдайларға байланысты мәселелерді шешумен айналысады. Бүгінге дейін су тасқынына қарсы дайындық бойынша 2 комиссияның отырыс өтті.

Құтқарушылар Есіл өзеніндегі мұз сәуірдің 11-16 аралығында қозғала бастаса, осы орайда су басуға байланысты қарбалас уақыт ағымдағы айдың 23-28-не келеді деп отыр.

Данаш Хамзина