Құқық қорғау органдары

Айыбын төлемеген жүргізушінің көлігі айыптұрағына қойылады

Қолымен жасағанды мойынмен көтерген абзал. Баршаға ортақ жолда жүру ережелері өрескел бұзылғанымен, айыппұлды өтеуден қашқақтайтын жүргізушілер азаятын  емес. Бұл жолғы рейд әкімшілік хаттама талаптарын ескермеуге еті үйреніп алғандарды анықтау мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Ринат Құсайынов, Петропавл қалалық ЖПБ бастығы:

– Айыппұл 30 күннің ішінде өтелуі тиіс. Түбіртектің түп нұсқасын жол полициясы органдарына көрсету керек. Сондай-ақ түбіртекті Володарский, 18 және Ғ. Мүсірепов, 34 “б” мекенжайына немесе №1,2 полиция бөлімдері мен халыққа қызмет көрсету орталығына тапсыруға болады.

Бұны көпшілігі біледі. Десе де сан мәрте ескертулерге құлақ аспайтындары баршылық. Сондықтан жол сақшылары бұндай әділетсіздікпен сот арқылы күресуге мәжбүр. Полицейлер сот орындаушыларымен бірлескен рейдке де көшті. Тоқтатылған әр темір тұлпар иесінің айыппұлы бар- жоқтығы бірден орталық борышкерлер базасынан тексерілуде.  Жаңартылып отыратын тізімде жыл басынан 32 мыңнан артық борышкер тіркелген. Оның 32 пайызы жол қозалысы ережелерін елемегендердің мойнында. Бүгінде 3 756 тұлғадан берешек өндіріліп алынды.  Төлемді өтеу мерзімін кешіктіргендердің кесірі алдымен өздеріне тиюі мүмкін.

Динара Жүнісова, СҚО сот актілерін орындау департаментінің сот орындаушысы:

– Жылжымалы мүлкіне тыйым салынып, бағалы заттары тәркіленеді. Келісімдер жасағанда үлкен кедергі болады. Шетелге шекара асуға рұқсат етілмейді. 10 тәуліке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған. Жыл басынан 2 адам абақтыға жабылды. Көлігі қарызы өтелгенше айып тұрағына қойылады.

Жалпы бұған жеткізбеймін деген жандарға есеп айырысатын пункттердің жанында квитанция жинайтын арнайы жәшіктер қойылатын болады. Бұл азаматтардың алтын уақыттарын бөлмей, жол машақатын шешудің қамында жасалмақ.

Жеңіс Ермұқанов