“Тіл шебері” байқауы

Білім

13:59 11 Сәуір 2013

“Тіл шебері” байқауына қатысушылар аудандық және қалалық кезеңнен сүрінбей өтіп, енді облыстық сында өз білімдерін көрсетіп жатыр. Сайыстың шарты 4 кезең бойынша берілген тапсырмаларды қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде орындау. Алғашқы кезеңде байқауға қатысушылар Астана қаласы, Елбасы, қазақ хандары сияқты сұрақтарға еш дайындықсыз жауап берді. Және ол 5 балдық жүйемен бағаланды. Байқауды былтырғы республикалық сында екінші орын алған № 6 орта мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Әйгерім Қожахметова жүргізді. Облыстық байқауда ауданда өткен “Тіл шебері” сайысынан бірінші орын алған Астрахань орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жанна Күлшікова да бағын сынауда. Облыстық байқауға 14 сайыскер қатысып отыр. 18 бен 30 жас аралығындағылар. Олардың ішінде өзге ұлт өкілдері де баршылық. Дегенмен бәріне қойылған талап бірдей. 14 қатысушының ішінен топ жарғаны өңіріміздің намысын республикада қорғайтын болады.

Гүлбану Ахметова