ТКШ

“Қызылжар су” техникалық шығындардың нормативтік деңгейін көтермекші

 

Табиғи монополиялар субъектілері жыл сайын тарифтік смета құрамына кіретін өздерінің нормативтік шығындарын бекітіп тұрулары тиіс. Егер кәсіпорын шекті тариф аясында жұмыс істейтін болса, шығын көлемін бірнеше жылға нақтылауы қажет. Осы орайда, “Қызылжар су” ЖШС маусым айының 1-нен 3 жылға шекті тарифке көшуді жоспарлап отыр дейді табиғи монополияларды реттеу агенттігі облыстық департаментінің директоры Марат Мұстафин.

 

Марат Мұстафин, ҚР табиғи монополиялаларды реттеу агенттігі облыстық департаментінің директоры:

-Былтыр олардың сметасында нормативтік ысыраптар 19 пайызды құрады. Енді, Үкіметтің стратегиялық жоспары бойынша 2015 жылы ысыраптар 18 пайыздан аспауы керек. Сондықтан, біздің негізгі мақсатымыз – сол 3 жылдың ішінде осы шығындардың мөлшерін шамамен 18 пайызға жақындату.

 

Десе де, “Қызылжар су” қоғамдық тыңдауда биылға сумен қамтамасыз ету жүйесінің шығынын 21,6 пайыз деп бекітуге ұсынды. Кейін 2016 жылға қарай бұл көрсеткішті кеміту көзделіп отыр.

 

Сергей Визеров, “Қызылжар су” ЖШС бас инженері:

-Негізгі шығын сүзгілерді жууға жұмсалған таза судың мөлшеріне байланысты. Қазір судың сапасына деген талап жыл санап жоғарылауда. Мәселен, бұрын тәулігіне сараптама жұмысын 1-ақ рет жасасақ, енді 4 рет жүргізу қажет. Міне, пайыздық мөлшер осы және тағы да басқа міндетті қосымша жұмыстардан құралады.

 

1 сағаттан астам уақытқа жоспарланған жиын барысында “Қызылжар су” серіктестігінің қызмет түрі мен бүгінде атқарып жатқан жөндеу жұмыстары түгелімен баяндалды. Кәсіпорын басшылығы нормативтік шығындарды жаңа технологиялардың көмегімен азайтуға тырысамыз дейді.

 

Данаш Хамзина