Білім

Петропавлда 10 ғимарат балабақшаларға қайтарылады

 

Облыс әкімі алдымен Жұмысшы кентіне соқты. Бұл жерде қазір су басу қаупінің алдын алу тұрғысында жұмыстар жүргізілуде. Панфилов көшесінде коммуналдық қызметтер ескірген суағар құбырларын алмастырып, жыраларды тазалау үстінде. Бұл жұмыстар Украинский көшесінде де атқарылуда. Самат Ескендіров коммуналдық қызмет басшыларымен тілдесіп, қам-қарекет жайында сұрастырды. Мамандар техникамыз жеткілікті топан судың бетін қайтарамыз деп отыр.

 

Бұл жерден коллектор өтеді. Су жақсы кетіп жатыр.

 

Бұдан соң облыс әкімі ДСР ауданының сыртқы айналма жолындағы атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысты. Қала әкімі Болат Жұмабеков қазіргі күні бұл жердегі тұрғындардан су соратын арнайы машиналарға өтініш берулер  азайып келеді дейді. Жағдай тұрақтануда.

Самат Ескендіров «Қызылжар» коммуналдық базарына соғып, ондағы бос тұрған қабаттарды аралады. Алдағы уақытта бұл жерге бірқатар мемлекеттік органдар көшірілмек. Тек ішін жөндеу қажет. Облыс әкімі сондай-ақ нысандағы жұмыс істеп тұрған қабаттардың жағдайымен де танысып шықты. Соның біріне еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімі қоныстанған.

Бұдан соң өңір басшысы балабақшаға беріледі деген бірқатар нысандарға ат басын тіреді. Соның бірі  – жылжымайтын мүлік орталығы. Оның жартысы бос тұр. Аймақ басшысы мектепке дейінгі тәрбие ошағына қолайлы болса, медициналық айықтырғыш ғимараты оған мүлдем келмейтіндігін атап көрсетті. “Қазагрэкс”сараптама орталығы мен құқықтық статистика нысандарын балабақша етіп жабдықтау да еш қиындық тудырмайды. Ал мұндағы мемлекеттік органдар басқа орынға көшірілмек. Жалпы осы жылы 10 ғимаратты мектепке дейінгі тәрбие ошақтары меншігіне қайтару жоспарланып отыр.

 

Самат Есмағи