Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық әкімдік жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес отырысы

 

 

Еліміз көп ұлтты. Бұл ретте дінаралық татулықтың атқарар рөлі зор деді жиынды ашқан облыс әкімі.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Еліміздегі дінаралық және этносаралық келісім Тәуелсіздігіміздің басты жетістігі болып табылады.Бұл құндылыққа Елбасымыз баса назар аударатыны белгілі. Қазақстанның бұл бағыттағы жетістіктері бүкіл әлемге мәлім.Оған Астанада өткен әлемдік діндер көшбасшыларының съезі дәлел.

 

Қазақстанды зайырлы, бейбітшілікті қолдайтын ел ретінде барша әлемнің мойындағаны рас. Оған дінаралық ауызбірліктің қосқан үлесі зор. Бұл бағытта облысымызда қандай жұмыстар атқарылып жатыр. Ол туралы жиынға қатысушыларды дін істері жөніндегі департамент басшылығы құлағдар етті.

 

Әбу-Бәкір Кәрменов, СҚО дін істері жөніндегі департамент директорының міндетін атқарушы:

– Өткен жылы діни ұйымдарды қайта тіркеуден кейін 232 діни бірлестік 129 болып қысқарды. Олардың 64-і ислам діні, яғни Ханафи масхабын ұстынушылар болса, 30-ы православ- христиандар, 11-і  рим-католик, 24-і христиан-протестанттық бағытты ұстанады.

 

Облысымызда өзге дінді уағыздайтын 44 миссионер жұмыс істейді. Олардың барлығы дін істері жөніндегі департаментке тіркеуге алынған. Жалпы алғанда өңіріміздегі діни ахуал бір қалыпты. Дей тұрғанымен діни мекемелердің басым бөлігінде тиісті құжаттары жоқ. Облыс әкімі осыны сынға алып, жауапты басшыларға қажетті құжаттарды екі айдың ішінде ретке келтіруді міндеттеді.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Айыртау ауданындағы орталық мешіттің қашан тапсырылғанын, қашан ашылғанын білеміз ғой,екі жылдың ішінде құжатты жөндеуге уақыт болмады ма сонда. Олқылықтар маусымға дейін жойылуы тиіс.

 

 

Жиында үкіметтік емес ұйымдардың терроризм мен экстремизмнің алдын алу бағытында мемлекетке қандай көмектерін тигізіп жатқандығы да айтылды. Ол жұмыстар ішкі саясат басқармасы бастығының хабарламасында көрініс тапты.

 

Руслан Әлішев, СҚО ішкі саясат басқармасының бастығы:

-Орыс және қазақ тілдерінде 9 түрлі буклет пен 8 түрлі кітапша шықты. 2009 жылдан бастап түрлі діни ағымдардан зардап шеккен тұлғаларға көмек көрсететін арнайы орталық жұмыс істеп келеді. “Ол Прозрение-көз жету” қоғамдық бірлестігінің базасында құрылған. Осы уақыт аралығында 40-тан астам адамға ақыл-кеңес берілді. Биылғы жылдың өзінде оған келген азаматтар саны жетеу.

 

Өңірімізде 300-ге жуық үкіметтік емес ұйым бар. Алайда олардың тек біреуі ғана экстремизм мен терроризмнің алдын алу тұрғысында жұмыс жүргізеді екен. Ол «Прозрение-көз жету» қоғамдық бірлестігі. Самат Ескендіров қала және аудан әкімдері орынбасарлары мен ішкі саясат бөлімдерінің жетекшілеріне бұл жұмыстарды жандандыру керектігін міндеттеді. Жалғыз ұйым барлық облысты қамтып үлгермейтіні анық. Күн тәртібінде қарапайым тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру мәселесі де сөз болды. Оған бірінші кезекте діни ұйымдардың басшылары жауапты.

 

Кенжетай Дүйсенбай, “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы:

-Ислам – қоғам ішіндегі бейбітшілік және өмір сақтауға үгіттейтін дін. Ол әрбір адамның Алланың алдындағы, өзгелердің алдындағы мұсылмандық міндетін толық орындауға мүмкіндік береді.Олай болса үлгілі мұсылман өз мемлекетіндегі заңдарын сақтайды, ондағы қоғамдық, саяси тұрақтылық пен тыныштық болуын қалайды.

 

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі дін бірінші кезекте халық бірлігін сақтау тұрғысында жұмыс істеуі керектігін атап көрсетті. Оны жүзеге асыруда үкіметтік емес ұйымдар мен дін басылары жұдырықтай жұмыла еңбек етулері керек. Сонда ғана елімізде дінаралық  татулық нығая түседі.

 

Самат Есмағи