Құқық қорғау органдары

Көліктерді тонауды кәсіп еткен баукеспе ұсталды

Соңғы уақытта темір тұлпар иелерінен көліктеріндегі бағалы заттардың ұрланғаны жәнінде түсетін шағымдары жиілеп кетті. Баукеспе қараусыз қалған машина есігінің құлпын бұзып іштегі магнитола, ұялы телефон, кілт-сайманға дейін қолды етіп отырған.

 

Наталья Милешина, №2 Петропавл қалалық ІІБ аға тергеушісі:

– Бізге 4 петропавлдық Жұмысшы кентіндегі үйлердің ауласында тұрған көліктерінің тоналғандығы жөнінде хабарлады. Бұл қылмыстарға қатысы бар деген күдікпен 27 жасар жігіт ұсталды. Еш жерде жұмыс істемейді. Бұрындары осы тектес қылмыстар үшін басы істі болған.

 

Бірқатар көлік иесін сан соқтырып кеткен сезіктінің үйінен олжаланған заттар тәркіленді. Айыпталушы тергеу амалдары барысында кінәсін толықтай мойындады. Арам ойын түн жамыла сағат 4-ке дейін жүзеге асырып отырған. Бөтеннің мүлкін қолды етуге әуес азамат қазір ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылды.

 

Наталья Милешина, №2 Петропавл қалалық ІІБ аға тергеушісі:

– Аталмыш факті бойынша ҚР ҚК 175 бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Бөтеннің мүлкін бір емес бірнеше мәрте қолды еткені үшін 3-5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

 

Жалпы жыл басынан облыс орталығының аумағында 47 көлік тоналыпты. 26 фактінің әлі беті ашылған жоқ.

 

Жеңіс  Ермұқанов