pi.customs.kz – кәсіпкерлерге арналған кедендік портал

Кеден

14:04 10 Сәуір 2013

Бүгінде Кеден одағы аумағына енгізілетін тауар жайлы алдын ала хабарлау қажет. Елімізде бұл шешім өткен жылдың маусым айында қабылданыпты. Ал Ресей мен Беларусь мемлекеттерінде аталған жүйе 2 жылдан астам сәтті жүзеге асып келеді екен. Жаңашылдыққа сәйкес, автомобиль көлігімен одақ аумағына енгізгелі жатқан жүк жайлы ақпаратты кем дегенде 2 сағат бұрын ескерту міндеті қойылды. Бұл үрдіс жүк тасымалдаушыларды әуре-сарсаңға салмайды, әрі істі тындыру үшін көп уақыттың керегі жоқ.

Дәурен Уваисов, СҚО кедендік бақылау департаментінің жетекші маманы:

-Жүк жайлы алдын-ала хабарлау үшін pi.customs.kz Web-порталында тіркелу қажет. Кейін оған арнайы номер беріледі. Айта кету керек, pi.customs.kz қазақстандық жүк тасымалдаушыларға арналған. Үйде ғаламтор болса, шаруаны ешқайда шықпай-ақ аяқтауға болады.

Тасымалдаушылар тауардың көлемін, оның құнын, қай жерге жеткізілетінін, жалпы айтқанда толық ақпаратты осы сайт арқылы арнайы мамандарға хабарлауы тиіс. Кеденшілер бұл жүйе кедендік ресімдеуді жеңілдетуге жол ашады деп отыр.

Дәурен Уваисов, СҚО кедендік бақылау департаментінің жетекші маманы:

-Алдын-ала хабарлаудың арқасында бұрынғыдай ұзын-сонар кезектер болмайды. Онымен қоса шекарада орын алуы мүмкін «бармақ басты, көз қысты» әрекеттердің түбегейлі жойылуына септеседі деген үміттеміз.

Ереженің күшіне енгенінен аз уақыт өтті. Сондықтан, оны бұзған азаматтарды жазалау әрекеттері әлі қарастырылмаған.

Айдана Демесінова