Білім

Оқушылар арасындағы әлеуметтік жобалар байқауы

 

2 кезеңнен сәтті өтіп, облыстық байқауға жолдама алған әлеуметтік жобалардың саны – 14. Тақырыптары сан алуан. Жұмыстарда жастардың бос уақытын тиімді өткізуінен бастап экологияны жақсартуға дейінгі мәселелер қамтылыпты. Альмира Жетпісбаеваның таңдаған тақырыбы кең ауқымды десе де болады. Ол өз жұмысында ауылдық жағдайдағы отбасы экономикасының баланың білім алуына тигізетін әсерін зерттепті.

Альмира Жетпісбаева, Бестерек орта мектебінің оқушысы, Ақжар ауданы:

– Біздің мектепте 174 оқушы бар, соның ішінде 30 бала әлеуметтік аз қамтылған жанұялардан. Оларға жылы 2 рет қана көмек көрсетіледі. Менің ойымша, бұл өте аз. Әлеуметтік жағдайы нашар болған кезде баланың үлгерімі де төмен болады.

Мұндай байқау осымен екінші жыл қатарынан өткізілуде. Мақсат – өңірдің әлеуметтік мәселелерін шешуге оқушыларды жұмылдыру.

Ольга Черепанова, СҚО балалардың құқығын қорғау департаментінің бөлім бастығы:

– Бүгінгі қоғамдық тыңдалымда 240 жобаның арасынан іріктелініп алынған жұмыстарды қарастырамыз. Әр бала әлеуметтік жағдайды жақсарту бойынша өз идеясын ұсына алады. Бірақ, әрине, оны жүзеге асыру жолдары да қарастырылуы тиіс.

Үздік деп танылған 3 жұмыс республикалық байқауға қатыспақ. Соңғы кезеңде қорғалған жобалар арнайы жинаққа енетін болады.

Инеш Шоқақова