Энергетика

Өңірде Финляндияның “Gebwell Ltd” компаниясымен бірлескен кәсіпорын құрылмақ

 

Елбасы жолдауында әсіресе қуат көзінің баламалы түрлерін пайдалану жағдайларын ойластыруды жүктеген болатын. Облыста жарық тарату үшін жел, күн энергиясын қолдану үрдісі жанданып келеді. Жуық арада енді бір инновациялық қадам жасалмақ.

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Елбасы энергия үнемдеуге басымдық беріп отыр. Бізде қыс 7 айға дейін созылады. Облысымыздың жылу желісі тұрақты. Бірақ шығынды азайтатын жаңа бір тың бастамаларды қолға алудың кезі жетті. Бюджетке аса салмақ түсірмейтін баламалы энергия көздерін қарастыру керек. Ол үшін өлкемізге инвестиция тарту жолдарын ойластырған жөн. Бұл заман талабы.

Мәселенің шешімін финдік “Гебвил” компаниясы ұсынып отыр. Кәсіпорын геотермалды жылыту, және суыту құрылғыларын құрастырумен айналысады. Аты айтып тұрғандай жылу өндіретін қондырғылар жер қойнауының энергия көзімен жұмыс жасайды.

Хулкконен Тимо Маркус Ялмари, “Gebwell Ltd” компаниясының бастығы:

-Біздің елдердегі ауа райы өте ұқсас. Жазда +35, қыста -35 градусқа дейін барады. Сондықтан ұзақ  мерзімді әріптестік орнатуға ниеттіміз. Біздің елдегі орталықтандырылған жылу желісіне тартылмаған елді мекендердің бәрі біздің қызметті пайдаланады. Бұл шамамен 60 пайызы.

Жаңашылдық сағатына 10 кВт дейін энергия өндіруге қауқарлы. Бұл шамамен 60 градусқа дейін жылу береді. Ол үшін алдымен 160 метрге дейін ұңғыма қазылады. Бұрғылау жұмыстары да шетелдіктердің қызмет түріне енеді. Қолайлы температуралық режимді автоматты немесе қолмен реттеу мүмкіндігі жасалған.

Озолиньш Виестурс, “Gebwell Ltd” компаниясының экспорттық директоры:

-Геотермалды жүйе қолданыстағы жылу желілерінен әлдеқайда үнемді. Жер қойнауындағы 1 гигакалорий энергияны сыртқа шығарғанда 4 есеге ұлғайтады. Ал жазғытұрым ыстықты басатын бүгінгі кондиционерден 8 есе қуатты. Қазір біз Еуропа, Азия және Балтық елдерімен әріптестік орнаттық.

 

Ең бастысы шығыны аз, қуаттылығы аса жоғары жылу насостары қоршаған ортаға зиянды заттарды бөлмей, экологиялық тазалықтың кепілі болмақ. Өңір жетекшісі меймандардың өміршең жобасын сынап көруді ұсынды.

Озолиньш Виестурс, “Gebwell Ltd” компаниясының экспорттық директоры:

-Мәселен, ауылдық жердегі оқу орындарының біріне жанамалай қосылып көруге болады. Біз өз кезегімізде ұңғыма қазып, нысанды сынаққа әзірлейміз. Сіздер құрылғыны орнатасыздар. Бір жылдан соң дәл сондай аумақтағы екінші білім мекемесінің жылыту маусымындағы көрсеткіштерін салыстырамыз.

Ұсыныс меймандардың көңілінен шығып, толықтай қолдау тапты. Бірлескен пилоттық бастама алдағы қауырт маусымда өңірдегі колледждердің бірінде жылуды қамтамасыз ететін болады. Сондай-ақ оның қабырғасында финдіктер заманауи қондырғыны орнататын жергілікті мамандарды даярлайды деп келісілді.

Жеңіс Ермұқанов