Денсаулық сақтау

Облыстық ауруханадағы жаңа аппарат

 

ЛОР-комбайн манипуляция жасайтын бөлмеде тұр. Өзі алып екен, сырт көзге қуатты құрылғы бөлып көрінеді. Шынында да, бөлімше меңгерушісі Владимир Синицкихтің айтуынша тексеру, диагностика және емдеуде бұл аппараттың алатын орны ерекше. Өйткені, мұнда бірнеше қызметті атқаруға болады. Владимир Романович бізге озық құрылғының барлық мүмкіншіліктерін мақтанышпен айтып, таныстырып жатыр. Мәселен, ұсақты үлкейтетін микроскоп, құлақ, мұрын, көмейді қарауға арналған басында камерасы бар түрлі мөлшердегі түтіктер. Жағдайды экраннан дәрігер мен пациент те бақылай алады. Медикаменттер бүріккішпен себіледі. Міне, бұл кореялық аппарат атқаратын қызметінің жартысы ғана.

Владимир Синицких, облыстық аурухананың ЛОР бөлімшесінің меңгерушісі:

-Жақсы жарықтандырып, ұсақ дүниені бірнеше есеге үлкейте алады. Эндоскоптарды суық болса, жылытуға да болады. Өте қолайлы, мүшелерді қарауға арналған 4 эндоскопы бар. Құрылғының көмегімен кішігірім оталар жасалады.

Ақылбек Бірімжанов облыстық ауруханада 2-ші күн жатыр. Жаңа ЛОР-комбайнның көмегіне жүгініп көріпті.

Ақылбек Бірімжанов, емделуші:

-Мен мұнда гайморит деген диагнозбен келдім. Дәрігерлердің арқасында қазір жағдайым жақсы. Тыныс алуым жеңілдеді. Мына аппарат ыңғайлы екен. Емдеу барысын қарап отырасың.

Қазір ЛОР бөлімшесінде 7 адам ем алуда. Ал, айына 50-уі емделіп шығады екен. Ақ халаттылар бұрынғымен салыстырғанда бүгінде пациенттің ауруханада жату мерзімі 3 есеге қысқарды дейді. Өйткені, медицина алға жылжуда. Есесіне, мамандардың тәжірибесі өсіп, аурухана жыл сайын жаңа 2-3 медициналық құрылғымен толығып тұрады.

Данаш Хамзина