Балалар

Облыста мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру барысы

Жиынға Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары Аян Тұрарбеков қатысты.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Жастар саясатының басымдықтары ҚР Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың”Қазақстан-2050″ стратегиясының негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Мемлекет басшысы алдымызға қойған жаңа міндеттерді әрбір қала мен ауыл жастарына жеткізуді талап етті. Осыған мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы бағытталған.

Күн тәртібінде қаралған бірінші мәселе “Қазақстан -2020 болашаққа жол” мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасының өңірімізде жүзеге асырылу барысы. Ол туралы жиынға қатысушыларды жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма бастығы құлағдар етті.

Виктор Молодовский, жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма бастығы:

-Бүгінгі күні 14 пен 29 жас аралығындағы Қазақстан жастары ел халқының 26 пайыздан астамын құрайды. Біздің облысымыздағы бұл көрсеткіш 23,7 пайыз. Соңғы бес жылда өңіріміздегі жастар саны 13 мың адамға қысқарған. Оның дені ауылдықтар. Олар білім және жұмысқа орналасу тұрғысында басқа қалалар, тіпті көршілес мемлекеттерге кетіп жатыр. Үдере көшуді тежеудің жолын қарастыруымыз керек.

Ол үшін бірінші кезекте жастарды жұмыспен қамту мәселесін шешу қажет. Оған бірден-бір мүмкіндік «Дипломмен – ауылға», «Жастар тәжірибесі», «Жасыл ел» мемлекеттік бағдарламалары. 2011-де жастар арасындағы жұмыссыздық көрсеткіші 5,2 пайызды құраса, былтыр бұл сан 1,4 пайызға қысқарған. Өткен жылы жоғары және арнаулы білім ордаларын тәмамдаған 1271 түлек екі қолға бір күрек тапса, биыл олардың тағы 763-ын тұрақты еңбекпен тарту көзделіп отыр. Бұл аздық етеді әрине. Бірақ көп жағдайда жас мамандардың еңбекке орналасу барысында жұмыс беруші тек білім ғана емес сонымен қатар еңбек өтілін де талап ететіні жасырын емес. Облыс әкімі ол үшін барлық салаға жастар саясаты бағдарламасын енгізу керектігін атап көрсетті. Осыны шешсек, қолында дипломы бар жас, өз напақасын өзімізде табу мүмкіндігіне ие болады. Жиында қаралған екінші сұрақ бойынша ішкі істер департаментінің бастығы Мұрат Ұрұмханов баяндама жасады. Жастар мен жасөспірімдер арасында бұзақылық жиі кездеседі. Ағымдағы жылдың 1 наурызына дейінгі орын алған әкімшілік құқықбұзушылық 6500-ге  жуық. Оған бой алдырғандар 16 мен 29 жас аралығындағылар. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 2500 мыңға төмен. Дегенмен көрсеткішті әлі де азайту керек деді облыстың бас полицейі.

Мұрат Ұрұмханов, СҚО ІІД бастығы:

-Ағымдағы жылы бала тәрбиесіне көңіл бөлмеген ата- аналар мен оны алмастыратын тұлғаларға қатысты – 54 адам, кәмелеттік жасқа толмағандарды алкогольдік ішімдікке тартқаны үшін 7 ересек жауапқа тартылды. 21 жасқа толмағандарға темекі, спирттік ішімдіктер сатқаны үшін 40 сатушыға әкімшілік хаттама толтырылды.

Жасөспірімдердің бос уақыттарын тиімді өткізулері үшін жағдай жасау керек. Кеңесте Петропавл мен облыс аудандарындағы аулалық клубтардың дамуы да сөз болды. Жалпы өңірде 22 аулалық клуб жұмыс істейді оның 21-і облыс орталығында. Аққайың ауданында біреу болса, Тайынша, Қызылжар аудандары көш соңында қалыпты.

Нұрболат Бикенов,облыстық білім басқармасының бастығы:

-Ағымдағы жылы облыс көлеміндегі жалпы білім беретін оқу орындарынан бөлек,72 мекеме қосымша жұмыс істеуде. Оған 32 мыңнан астам оқушылар тартылған. Ол жалпы көрсеткіштің 44 пайызын құрайды. Аулалық клубтар тек облыс орталығында ғана емес, аудандарда ашылса деген ұсыныс бар, сонда балалардың жыл бойына спортпен шұғылдануына мүмкіндік туады. Аудан басшылары осыған қолғабыс жасаса.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі елді мекендерде аулалық клубтардың жұмысын жандандыру керектігін баса айтты. Көтерілген барлық мәселелер басшылардың назарында болуы керек.

Самат Есмағи