ТКШ

Көктемгі тасқын сумен күрес

 

Биыл қыс қарға сараң болған жоқ. Синоптиктердің де сәуір айында күн күрт жылынады деген болжамы расталды. Ақ ұлпа еріп, қаладағы шағын аудандар көк судың астында қалуда. Ал, Караван мен Украин көшелерінің суағарлары қоқысқа толып, еріген қар суы ашық кәріздік желілерден өте алмай тасуда. Мұнда “Коммунхоз-Петропавл” ЖШС көмегін көрсетіп жатыр. Олар екі көшеге таңертеңнен 10 техника мен 50 жұмысшыны тартыпты. Сөйтіп, 500 метрден астам жерді тазалаған. Коммуналдық қызмет өкілдерінің айтуынша бар кінә осы маңайда тұратындарда. Өйткені олар уақытылы қоқысты тазаламаған. Керісінше бәрін ашық кәріздік желілеріне тастаған көрінеді. Енді, коммуналдық кәсіпорын өз күшімен суағарды қоқыстан тазалап, ескісін жаңасына ауыстыруға мәжбүр.

Геннадий Колесников,”Коммунхоз-Петропавл” ЖШС жұмысшысы:

– Кәріздік желілердің қоқысқа толуы – тұрғындардың кінәсі. Ауласына шыға сала бар қоқысты осы жерге тастайды. Қазір құбырларды ауыстырып жатырмыз. Егер тұрғындар қоқыс  тастамай, суағарды уақытылы тазалап отырғанда, осы жағдай орын алмас еді. Шығын да болмайтын.

Тек жер үйлер ғана емес көпқабатты пәтерлер де еріген қар суынан зардап шеккен. Жуков, 13 мекен-жайындағы мына 10 көпқабатты баспана тұрғындарының айтуынша күні кеше ғана жертөлелерге су кіре бастаған екен. Қалалық коммуналдық қызметтердің арқасында олар көк судан арылды.

Оксана Гришина, “Жучок” жеке пәтер иелері кооперативінің төрайымы:

– Қалалық коммуналдық қызметтер дер кезінде келіп, еріген қардың суын сыртқа ағызды. Мұндай жағдай бірінші рет орын алып отыр. Мүмкін қарды дұрыстап тазаламаған өзіміздің кінәміз болар. Дегенмен бар проблемадан құттылдық.

Қалада қазіргі күні ашық кәріздік желілерді тазалау жұмыстары қызу жүріп жатыр. Және арнайы апаттық топ құрылған. 30 техника да сақадай сай тұр. Осы күнге дейін қалалық коммуналдық қызметтерге 150 шағым  түскен. Оның 20-сы тұрғын үйлердің аумақтарын су басуға қатысты. Сөйтіп, 59 825 текше метр су сыртқа ағызылған. Әлі де болса мұндай жұмыстар қаланың шет жақтағы ықшам аудандарында жүргізіліп жатыр.

Гүлбану Ахметова