Мәдениет

Өңірімізде «Аялаған Астана» тележобасының іріктеу кезеңі өтті

 

«Аялаған Астана» тележобасының іріктеу кезеңінде бағын сынауға 50-ге жуық өнерлі жеткіншек жиылды. Өз мүмкіндіктерін көрсетіп эстрада жұлдыздарының жүрегіне жол табу үшін біраз дайындалған көрінеді.

 

-Қазылар алқасына шығар алдында сәл толқып тұрмын. Біз бұл жобаға күнде дайындалдық. Бірінші орын алсам деген тілектемін.

-Жастайымнан ән айтамын. Бүгінгі айтатын өлеңім – “Астана”. Өйткені ол патриоттық ән. Мен өз елімнің патриотымын. Елімді биік шыңдардан көргім келеді.

 

Өнерлі, болашағынан үміт күттіреді деген жастарды өңірімізге арнайы келген қазақстандық жұлдыздар Мөлдір Әуелбекова мен Айқын Төлепберген таңдамақ.

 

Айқын Төлепберген, қазылар алқасының мүшесі:

-Байқаудың мақсаты – әнші қыздарды табу, оларға жол ашу. Балаларға тілерім қобалжымасын, сахнаға шығып, бар өнерін көрсетсін .

 

 

Мөлдір Әуелбекова екі қаладағы балалардың өнерлерін тамашалап үлгерді. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанда дарындылардың қатары қалың.

 

Мөлдір Әуелбекова, қазылар алқасының мүшесі:

-Мен Орал қаласында болдым, Ақтау қаласында болдым. Талантты балалар өте көп. Ол кісілерге қарап, біздің эстрадамыздың болашағын жақсыға жорып отырмын.

 

Сахнаға алғаш болып Уәлиханов ауданынан ат терлетіп келген Қамбар Сары шықты. Қобалжығандықтан әнді ойдағыдай орындай алмадым дейді ол. Ал Ілияс Байқадамов мүлдем қобалжымаған сияқты. Тіпті, қазылар алқасының фонограммасыз ән шырқауын сұрағандары да алаңдатпады. Осылайша, «Теритомба» әнін орындап берді.

 

Ілияс Байқадамов:

-Мен шыққан кезде кішкене қорықтым, бірақ білдірмедім. Әнді жақсылап айттым. Әділқазылар маған риза болды.

 

Бұл күні Өскемен қаласында да іріктеу кезеңі өтті. Аймақтардағы дарынды жастардың өнерін 10 эстрада жұлдызы салмақтайды. Әр өңірдегі кастинг бейнетаспаға жазылады. Дарындылардың өнерін Алматы мен Мәскеудегі әділқазылар бағаламақ. Жартылай финалға жолдама алғандардың есімдері мамыр айында белгілі болады.

«Аялаған Астана» тележобасы «Бірінші Еуразия арнасында» әр сенбі сайын көрсетіледі. Ал ақтық сын Қазақ елі алаңында өтпек. Жеңімпаз Юрмалада өтетін байқауда ел намысын қорғайды.

 

Айдана Демесінова