Білім

Мектеп оқушыларының білім сапасы тексерілуде

 

Тапсырмалар жақсылап бекітілген қораптан алынды. Емтиханның әділ өтуін Білім министрлігінен келген өкіл бақылауда. Құжаттарды толтыру реті түсіндірілгеннен кейін оқушылар сынақ тапсыруға кірісіп кетті. Биыл тестілеуден 9 және 10 сыныптардың оқушылары өтеді. Дәл қазір №2 Бескөл орта мектебінің эксперименттік 10 “а” сыныбы сынақ беріп жатыр.

 

Зайни Буздакова , Бескөл орта мектебінің директоры:

-Балалар тестілеуді жақсы тапсырады деп ойлаймын. Оқушыларды ұжым болып дайындадық, психолог пен мұғалімдер қолдауда. Балалар арасында қобалжу байқалмайды.

 

Оқушылар 2 сағаттың ішінде 4 пәннен 80 сұраққа жауап берулері тиіс. Арасында қазақ тілінің болуы міндетті. Соңынан балалар әлеуметтік сұрақтар қамтылған сауалнама толтырады.

 

Берік Аюпов, Қызылжар аудандық білім бөлімінің бастығы: -Оқу жетістіктерін сырттай бағалауды біздің ауданда 2 мектеп тапсырады. Басты ерекшелігі – қандай пәннің сұрақтары кезігетінін оқушылар да, оқытушылар да білмейді. Бұл жалпы мектептегі білім берудің сапасын анықтауда маңызды.

 

Оқу жетістіктерін сырттай бағалауды ағымдағы жылы облыстағы 27 білім ұясында өткізу жоспарлануда. Соның ішінде 12 жылдық білім жүйесі енгізілетін эксперименттік 3 мектеп бар. Бағалау науқаны сәуірдің 19-ы аяқталады.

 

Данаш Хамзина