Қоғам

Мәжіліс депутаты Бақытжан Ертаев Петропавл ауыр машина жасау заводы жұмысшыларымен кездесті

 

Петропавл ауыр машина жасау зауыты өңірде қарқынды даму үстіндегі ірі кәсіпорындардың бірі. Өндіріс ошағы мұнай өңдеу, энергетика және теміржол нысандарына қажетті  төл бұйымдарымен танымал. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытжан Ертаевқа 1400- ге жуық қондырғылармен жарықтандырылған қуатты зауыттың өндірістік мүмкіндіктері көрсетілді. Оның 500-і жуырда алынған жоғары өнімді заманауи құрылғылар.

 

Николай Васильев, “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” АҚ директорының міндетін атқарушы:

– 2012 жылға 6 млрд теңгенің тапсырысы түсті. Негізінен мұнай өндірісінің бұрғылау құрылғылары мен электр өнімдеріне сұраныс мол. Биыл біз тағы 250 млн теңгеге тың құрылғылар алуды жоспарлап отырмыз. 2014 жылы толықтай жаңартылған кәсіпорынға айналамыз. Ол үшін бізде мүмкіндік баршылық. Бастысы тәжірибелі маман тапшылығын сезініп көргеміз жоқ.

 

Халық қалаулысы құрастыру бюросындағы 100-ге тарта білікті инженердің жобаларын іске асыратын механикалық және жинау цехтарын аралады. Бақытжан Ертаев зауыт дамуына оң бағасын бергенімен, Отандық алпауыт компаниялар мен әскерилерден түсетін тапсырыстың жоқтың қасы екенін сөз етті.

 

Бақытжан Ертаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Қанша адам осы жерден орын табады. Сондықтан болашағы бар бұндай зауытты қолға алу керекпіз. Қарулы күштер тапсырысын осы зауытқа беру керек. Себебі жұмысшылар біздің еліміздікі, ақша сыртқа шашылмайды. Ең бастысы жастар жұмыспен қамтылады.

 

Сондай-ақ халық қалаулысы зауыт қызметкерлерімен жүздесті. Онда негізінен басты жұмыс күші еңбек адамына жасалған жағдайларды сұрап білді. Бүгінде өндіріс ошағында 1,5 мыңға тарта адам тұрақты табыс көзімен қамтылған. Зауыттықтар мейманға әлдеқайда үлкен тапсырыстарды орындауға күш-жігерлерінің жететінін айтты. Халық қалаулысы көтерілген әр мәселеге депутаттық сауал жасауға уәде берді.

Жеңіс Ермұқанов