ТЖ

Бензострой кентінде жеке секторды су басуда

 

Айдана Демесінова, тілші:

-Волочаевский көшесінде далада ғана емес, сонымен бірге үйдің ішінде де резеңке етікпен жүруге тура келеді. Өйткені еріген қардың суы баспанаға да кіруде. Бұл тұрғындарға материалдық шығын әкеліп, олардың қалталарына салмақ түсіріп отыр.

 

Кеше ғана осы үйдегі су тізеге дейін жетіпті. Надежда Зырянова баспанадағы суды шелектеп сыртқа шығарған екен. Өткен жылы үйілген қарды аршуға қалалық әкімдік қол ұшын беріпті. Сондықтан жағдай аса ушықпаған. Биыл олардың тарапынан ешқандай көмек болмағандықтан, проблемамыз күрделене түсті дейді тұрғындар. Алайда олар жергілікті атқарушы билік өкілдерінің жәрдемдесетініне әлі де үмітті.

 

Надежда Зырянова:

-Біз әлі де көмек күтудеміз. Қарды тазаласа екен дейміз. Бұл мәселені шешу біздің қолымыздан келмейді. Мұндай үйде тұру өте қиын.

 

Волочаевский көшесіндегі өзге үйдің тұрғындары да осындай күй кешуде. Кейбіреулері балалары мен немерелерін туыстарына, енді біреулері қаланың орталығынан пәтер жалдап, сонда уақытша тұруға жіберіпті. Үйге кірген су баспанадағы дүниелерді тоздырып қана қоймай, еденді де шірітіп бітті деп қынжылады жерлестеріміз.

 

Раушан Құсайынова:

-Жыл сайын айтып жатырмыз, жыл сайын шақырып жатырмыз. Ешкім ештеңе істемейді. Кімге сенейік енді?! Судың астында қалдық. Не қарды шығармады.

Светлана Новикова:

-Түнгі сағат 3-тен бастап үйді судан арылтып жатырмыз. Алайда таусылар емес, керісінше, көбейіп жатқан сияқты. Көктемде ғана емес, жаз мезгілінде де осындай жағдайға душар боламыз.

 

Москва көшесі, 154  мекенжайының тұрғындарын да осындай мәселе алаңдатып отыр. Мұнда 2-ші жыл үйді су басыпты.

 

Галина Родина:

-Осы жерде тұрып жатқанымызға 17 жыл болды. 15 жылдай бізде ешқандай проблема болмаған. 2 жыл бұрын жанымыздағы темір жолды жөндеген. Барлығы содан басталды. Енді жолдың ар жағындағы қардың суы бізге қарай ағады. Осы жолды қалай істегенін тексерсе екен деп үміттенеміз. Өйткені бар пәле содан.

 

Шенеуніктер болса, тұрғындарды сабыр сақтауға шақырады.

 

Нұрлан Бүркіталин, СҚО азаматтық қорғаныс, апаттар мен зілзалалардың алдын алу және жоюды ұйымдастыру жөніндегі басқарма бастығы:

-Облыс бойынша 581 су соратын техника бар. Инертті және жанар-жағармай материалдары әзірленді. Оның ішінде жанар-жағармай – 104 тонна, құм 12,3 мың тонна, шағыл 10,3 мың тонна, балшық – 10,4 мың тонна.

 

Ал Бензострой кентінің тұрғындары әзірге өз проблемаларын өздері шешуде.

 

Айдана Демесінова