Аптадағы маңызды жаңалықтар

Ауыл шаруашылығы жерлері түгенделіп жатыр

 

Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін түгендеу туралы ҚР Жер Кодексіне тиісті өзгертулер енгізіліп, Парламентке ұсынылған. Мұндай ауқымдағы түгендеу жұмыстары елімізде алғаш рет жүргізіліп отыр. Өткен жылы Қазақстанда жалпы аумағы 31 млн га ауыл шаруашылы алқаптары мен жер учаскелері инвентаризацияланған. Бірқатар өңірлерде жердің мақсатты пайдаланылмайтындығы анықталды. Біздің облысымыздың өзінде мұндай алқаптар 170 мың гектар. Серік Ахметов мәселені шешуде өңірлердің қандай жұмыстар атқаратындығын тыңдады.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Облыс аумағы 9 млн 804 мың гектарды құрайды. Оның 4 млн 943 мың гектары егіс алқаптары. Ауыл шауаршылығы жерлерін түгендеуге 2012-2014 жылдарға өңірімізге 93 млн теңге бөлінді. Өткен жылы бұл жұмыс 2 млн 365 мың гектар аумақта 3 аудан бойынша жүргізілді.

 

Түгендеу нәтижесінде 2000 га жер иесіз деп танылған. Ал игерілмей жатқан алқаптарды пайдалану бойынша жұмыстар қолға алынды дейді облыс әкімі. Түгендеудің көздейтіні – алқаптардың көлемін нақтылау, жағдайын зерттеу және тиімді пайдалану жөніндегі ұсыныстар әзірлеу. Премьер-Министр Өңірлік даму және Ауыл шаруашылығы министрліктеріне салалық және өңірлік бағдарламаларды әзірлеуді тапсырды. Селекторлық байланыс үзілген соң мәселе жергілікті деңгейде талқыланды. Самат Ескендіров ауыл шаруашылығы жерлерін түгендеуде тиісті мекемелердің атқарған жұмыстарын сынға алды. Өйткені олардың мәліметтерінің өзі бір-бірімен сәйкес келмейтін көрінеді.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– «Гипроземге» әр аудан бойынша пайланылмайтын жерлердің картасын жасауды тапсырамын. Бұл өте тиімді болмақ. Тиісті мекемелермен бірлесе, осы жұмыстарды дер кезінде атқару қажет.

 

Бұл ауыл шаруашылығы жерлерін түгендеудің 1-кезеңінің қорытындысы ғана. Қауырт жұмыс 2014 жылы аяқталмақ.

 

Инеш Шоқақова