Қоғам

Жаңа кітап таныстырылды

 

Залға жиылған қауым «Краса и гордость Северного Казахстана» атты кітаптың таныстырылымына келді. Оны «Женская лига» ҚБ жарыққа шығарған екен. Осы кітап арқылы өңіріміздің, еліміздің дамуына үлес қосқан 50-ден астам жерлесіміздің өмірімен, қоғамдағы орнымен танысуға болады.

 

Галина Воробьева, «Женская лига» ҚБ төрайымы:

-Мамандығы әр түрлі әйелдер туралы жаздық. Олардың барлығы бала тәрбиелеумен қатар жемісті жұмыс та атқарды. Біздің өңірімізде ондай нәзік жандылар өте көп. Сондықтан бұл кітаптың алғашқы томы ғана. Оны жазып, баспадан шығаруға 8-9 айдай уақыт кетті.

 

6 баланың анасы – Сәуле Омарова да жаңа кітапта белді орын алады. Жерлесіміз балалық шағынан ата-ана қамқорынсыз қалған балаларға жәрдемдесуді армандапты. Ақыры, ойлағаны жүзеге асты.

 

Сәуле Омарова:

-19 жасымнан жұмыс істей бастадым. Әрдайым жұмыста білікті маман, үйде – жақсы жар, аяулы да ардақты ана болуға тырыстым. Бұл нағыз әйелдердің қасиеті деп ойлаймын. Осы кітапта маған да орын табылғаны, әрине қуантады. Біз үшін бұл үлкен сый.

 

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға». Шәрбан Таймуллина осы сөздерді өмірлік қағидасына айналдырған іспетті. Жерлесіміз көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарды тәрбиелеуге 42 жылын арнапты.

 

Шәрбан Таймуллина, «Білім» бастауыш партия ұйымының төрайымы:

-Кітапқа енген қыз келіншектеріміз біздің – әдемі, еңбексүйгіш. Өз жанұяларында қанша бала тәрбиелеп, жұмыстан да қалмай ең алдыңғы шепте келе жатыр. Соларға табыс тілегім келеді.

 

Бүгінгі кеште шырқалған әндер де асыл аналарға арналды.

 

Айдана Демесінова