Мәдениет

Ақтөбелік “Алақай” театры – Петропавлда

 

Қойылым “Бақа және теңіз” деп аталады. Ертегіде батыр көлбақаның теңіз түбіндегі шытырман оқиғаға толы сапары баяндалған. Ертегі кішкентай көлбақаның сапарынан басталады. Ол өзінің мекен ететін көлшігінен үлкен көк теңізге түсіп қалады. Міне, осы жерде оған талай қиындықты бастан кешуге тура келеді. Өйткені, бақа өзінен бірнеше есе зор жыртқыш балықтармен алысып, өмір үшін күреседі. Ол, мұнда, сондай-ақ, шынайы достықты да табады. Соңында, сол достары оған өз көлшігіне жетуіне көмектеседі.

 

Алмагүл Қаражанова, Ақтөбе облыстық “Алақай” қуыршақ театрының актрисасы:

-Қойылым өте көңілді, өте қызықты деп айта аламын. Теңізді мекендейтін балықтармен балаларды таныстырамыз. Ол жақта да мейірімділік, достық, татулық түсініктерінің бар екенін жеткізуге тырысамыз.

 

“Бақа және теңіз” ертегісі осыдан бірнеше жыл бұрын республикалық сыйлықтың лауреаты атанған екен. Ал, басты рөлдегі Әлия Салитова Қазақстан қуыршақ театрының үздік актрисасы ретінде “Еңлік гүл” атағына ие болыпты.

 

Әлия Салитова, Ақтөбе облыстық “Алақай” қуыршақ театрының әртісі:

-Кішкентай бақашық – ақкөңіл, әлі жамандық пен жақсылықты білмейді. Ол теңізде жыртқыштармен күресіп, жеңеді.

 

Осылайша, “Алақай” театрының әртістері қызықты қойылымды ұсынып қана қоймай, солтүстікқазақстандық әріптестерімен тәжірибе алмасуды көздеп отыр. Ал, жергілікті өнер ұжымы өз кезегінде Ақтөбе қаласына «Жанат жануары» туралы ертегі апарып келген болатын.

 

Спартак Рамазанов, облыстық қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі:

-Мамыр айында Алматы қаласында халықаралық фестиваль өтеді. Байқауда біз “Ақ кеме” спектаклін сахналаймыз. Қоюшысы – Дулат Әбдірахманов.

 

Ақтөбелік әртістер Петропавлда сәуірдің 10-на дейін қонақтайды.

 

Данаш Хамзина