Аптадағы маңызды жаңалықтар

Солтүстік Қазақстанға жұмыс сапарымен ҚР Парламентінің депутаттары келді

 

«Ардагерлер туралы» Заңды қабылдау үрдісі созылып кетті. Бұл аға буын өкілдерін алаңдатып отыр. Сондықтан Анатолий Башмаков өз баяндамасын осы мәселені түсіндіруден бастады. «Қазіргі таңда заң жобасы ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауында»,- дейді депутат. Яғни, мәселе біртіндеп шешілуде. Кездесуде бұдан да басқа  сауалдар аз болмады.

Анатолий Башмаков, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Мен саясаткер ретінде баса көңіл бөлетін проблемалардың бірі – денсаулық сақтау. Өйткені табиғаттың қолайлы болуына қарамастан, солтүстік өңір онкологиялық ауруларға шалдығу бойынша алдыңғы қатарда. Әсіресе, қатерлі ісік әйелдер арасында жиі кездеседі. Арнайы медициналық құрылғылар алынуда, бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де жалғастыратын боламыз.

Медициналық мекемелердің қызмет сапасын көтеру, облыс орталығындағы өндіріс ошақтарының жағдайы және зейнетақы жүйесін жетілдіру. Кездесуге келген ардагерлерді негізінен осы мәселелер алаңдатып отыр. Кейбіріне байланысты Анатолий Башмаков депутаттық сауал әзірлейтіндігін жеткізді.

Рахима Шаймолдина, облыстық ардагерлер кеңесі жастармен жұмыс жөніндегі комиссиясының төрайымы:

– Кейбір қариялардың зейнетақысы 28 мың теңге ғана. Осы мәселеге қатысты азаматтық көзқарасыңыз қандай?

Анатолий Башмаков, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Қазіргі таңда Үкімет ең төменгі күнкөріс деңгейін ескере отырып, әрбір зейнеткердің алатын төлемақысын арттыру мәселесін қарастыруда. Яғни, зейнетақы жүйесі толықтай қайта қарастырылмақ.

Зейнетке шығу жасын ұлғайтуға байланысты ұсынысқа да жұртшылықтың көзқарасы сан түрлі. Әйелдердің зейнет жасын ұлғайтуға байланысты заң жобасын ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары бірінші тыңдалымда қабылдаған. Алайда бұл нақты шешім емес. Ардагерлер бүкіл елді елеңдеткен заң жобасына қатысты нақты шешім қабылдамас бұрын, халық қалаулылары мәселені жақсылап сараласа деп отыр.

Инеш Шоқақова