ТКШ

«Нұр Отанның» бақылау бекеттері мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысын қадағалауда

 

Айдана Демесінова, тілші:

-Петропавлда 10 партиялық бақылау бекеті бар. Олар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасының жүзеге асырылуын қадағалайды. Әзірге партиялықтардың назарына 19 үй іліккен.

Оның ішінде Мир және Шухов көшелерінде орналасқан 3 жатақхана да бар. Шухов көшесіндегі 28-үйдің тұрғындары тың бағдарламаға қатысып, баспаналарын жаңғыртуда. Ол үшін 20 млн теңгеге тарта қаржы жұмсалмақ. Алайда жерлестеріміз мемлекеттік бағдарлама арқасында бұл соманы толық емес, бөліп қайтармақ. Енді аталған пәтерлердің иелері 7 жыл ай сайын не бары 2,5 мың теңгеден төлейтін болады. Аталған мекен-жайда жөндеу жұмыстарын «Компания «Эзар» серіктестігі жасауда. Мұнда жертөледегі коммуникация жүйесі ауыстырылып, пластикалық терезелер орнатылды. Баспананың шатыры да жаңғыртылды. Подъездің ішін қалыпқа келтіргеннен кейін, домофоны бар темір есіктер қою көзделіп отыр. Шухов көшесінде орналасқан 42-ші үйдің тұрғындары да бағдарламаға қатысуға ниет танытқан. Мұндағы шаруаны тындыру үшін 22 млн теңгеге жуық қаражат жұмсалмақ. Шатыр жөнделіп, жертөледегі коммуникациялар алмастырылады. Жұмыс аяқталуға жақын. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы қолға алынғалы қаламыздағы 93 үй жөнделді.

Сайран Хамзин, «Нұр Отан» ХДП қалалық филиалының партиялық бақылау бекетінің жетекшісі:

-Ағымдағы жылы бағдарлама аясында 60 үйді жаңғыртпақ ойымыз бар. Жұмыс ойдағыдай жасалуда. Алайда олқылықтар да туындап жатады. Ол, әсіресе, шаруаның уақытында аяқталмауы. Оған ауа райының қолайсыздығы себеп болып жатады.

Жалпы облыста 68 партиялық бақылау бекеті жұмыс істейді екен. Олар 150 объектідегі мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуын қадағалайды.

Мұрат Жәкенов, «Нұр Отан» ХДП СҚОФ партиялық бақылау комиссиясының инспекторы:

– «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында тұрғызылып жатқан үйлерде де олқылықтар туындайды. Себеп – мердігер компаниялырдың жұмыс жоспарын дұрыс құрмауы.

Жалпы партиялық бақылау бекеттері 7 мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылуын қадағалайды.

Айдана Демесінова