Денсаулық сақтау

Гипертонияны емдеудің тың әдістері енгізілуде

 

1-ші кардиологиялық бөлімше 40 адамға шақталған. Қазір мұнда бос орын жоқ десе де болады. Өйткені күн сайын жүректің сыр беруі, қан қысымының күрт көтерілуі сынды сырқаттармен келетін тұрғындар аз емес. Зоя Парамонова 1 апта бұрын ауруханаға түсіпті. Қан қысымы күрт жоғарылаған.

Зоя Парамонова:

– Мұндай диагнозбен ауруханаға алғаш түсіп отырмын. Денсаулығым кенеттен сыр берді. Енді дәрігерлердің кеңесіне құлақ асып, әрдайым күнделікті мәзіріме мұқият қарап, қимыл белсенділігін арттыратын боламын.

Артериялық қан қысымының көтерілуін бастапқыда білу қиын. Сондықтан тұрғындар оған аса мән бермейді. Ал бұл жәйт – аурудың асқынуна әкеліп соқтырады дейді дәрігерлер.

Бейбіт Мұстафина, кардиологиялық орталықтың бас дәрігерінің орынбасары:

– Бұл сырқат өмірге қауіп тудырады. Инфаркт, инсульт, жүрек-қан жүйесінің бұзылуы және кейбір адамдардың көрмей қалуы да мүмкін. Бүйрек қызметіне де зақым келтіреді.

50 жастан асқан әрбір екінші тұрғын осы сырқатқа шалдығады екен. Алайда жастардың арасында да мұндай қауіп жоқ емес. Сондықтан алдын ала медициналық тексерілуден өтіп, арнайы дәрілер қабылдау қажет. Бұл сырқаттан сақтанудың бірден-бір жолы. Сондай-ақ өңірімізде артериялық гипертонияны емдеуде жаңа әдіс те енгізіліпті.

Мақсат Құдратуллаев, облыстық кардиологиялық орталықтың бөлімше меңгерушісі:

– Біздің орталықта бақылауға алынбайтын артериялық қысымды емдеудің жаңа жолы енгізілуде. Ол бүйрек артериясының денервациясы деп аталады.

Мамандар артериялық гипертонияға шалдығудың басты себебі – адамның өмір салты дейді. Сондықтан әр тұрғынның өз денсаулығы – өз қолында.

Инеш Шоқақова