Қоғам

Бақытжан Ертаев әскерилермен кездесті

 

Кездесуге ауған соғысының және Қарулы күштер ардагерлері жиылды. Олар ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытжан Ертаевқа көкейде жүрген мәселелерді айтқалы келіпті. Интернационалист жауынгерлердің бірқатары екі қолға бір күрек таба алмай жүр екен.

Игорь Гамов, «Ауған ардагерлерінің одағы» ҚБ СҚФ төрағасы:

-Біздің жасымызда жұмыс табу өте қиын. Ал тиесілі әлеуметтік төлем жетпейді. Халық қалаулылары осы мәселені қарап, шешсе деген үмітіміз бар.

Ал Қарулы күштер ардагерлері медициналық қамсыздандыру мәселесі бір жақты болса дейді . Өңірімізде арнайы госпиталь жоқ.

Борис Сапенков, “ҚР Қарулы күштері ардагерлері” ҚБ СҚОФ төрағасы:

-Осыған дейін Қарулы күштер ардагерлерін баспанамен қамту мәселесін көтергенбіз. 2012 жылы құрмет демалысына шыққан бір ардагер пәтердің кілтіне ие болды.

Басқосуда зейнетақы жүйесіне де қатысты сауалдар қойылды. Қарулы күштер ардагерлері зейнетақы мөлшері алаңдатады дейді.

Бақытжан Ертаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-1998 жылы құрмет демалысына шыққан Қарулы күштер ардагерлері және одан кейінгілердің зейнетақы деңгейі әр түрлі. Яғни біреулер 150 мың теңге алса, енді біреулері 50 мың алады. Бұл әрине, әділетсіздік. Осы мәселені қарастырып жатырмыз. 1998 жылы зейнетке шыққандарға төлемдердің көлемін ұлғайтпақ ойымыз бар.

Кездесу соңында Бақытжан Ертаев жиында көтерілген мәселелер бақылауға алынатынына уәде берді.

Айдана Демесінова