Бизнес және экономика

Зейнетақы жүйесін жаңарту

Еліміздегі зейнетақы жүйесінің құрылғанына биыл 15 жыл болды. Зейнетақымен қамсыздандыру  үш деңгейлі жүйеден тұрады. Ол базалық жүйе, міндетті және ерікті жарналар. Қазақстанда 10 зейнетақы жинақтаушы қоры жұмыс істеуде. Онда 3 трлн теңгеден астам қаржы жиналыпты. Алайда азаматтардың қорларға аударған қаражаты тиімді пайдаланылмаған көрінеді.

Кемеңгер Әмрин, Зейнетақы төлеу жөніндегі орталықтың облыстық филиалының директоры

-Зейнетақы қорлары қолындағы қаражатты дұрыс басқара алмады. Яғни инвестиция арқылы оны көбейтудің амалын табуға әрекеттенбеді. Қаржының шамамен 50 пайызын мемлекеттік құнды қағаздарға салған. Бұл, әрине қауіпсіз. Алайда одан табыс та болмады. Сондай-ақ, прокурорлардың тексеруі барысында бірқатар олқылықтар анықталыпты.

Осыған байланысты елімізде бірыңғай зейнетақы қорын құру қажеттілігі де туындаған. Енді салымшылардың ақшасы бір жерге жиналып, тиімді басқарылмақ. Оның акционері – үкімет болады. Қаражатты қай саланы инвестициялауға бағыттау керектігін Ұлттық банк ұсынады. Алайда, бұл ойды Президент жанынан құрылатын кеңес қолдаса ғана ол жүзеге аспақ.  Бүгінде экономикалық белсенді халықтың саны 8,5 млн екен. Алайда, олардың барлығы белгілі бір соманы ай сайын қорға аудармайтын көрінеді.

Жомарт Қажырақымов, «ҚР Ұлттық Банкі» АҚ СҚОФ директоры:

-Мені өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың ертеңгі жағдайы толғандырады. Бүгінде олардың саны 2,7 млн-ға жетіпті. Олар міндетті зейнетақы жүйесіне аудармайды, ерікті жарналар салатындар да аз. 8,5 млн экономикалық белсенді азаматтардың 5,7 млн-ы зейнетақы жүйесіне қатысуда. Алайда оның 3,5 млн-ы ғана ай сайын міндетті зейнетақы жүйесіне қаржы салады.

Жалпы сарапшылардың пікірінше, құрметті демалысқа  шыққанда ойдағыдай зейнетақы алу үшін 35-40 жылдай қорға ақша жинақтау керек екен.

Айдана Демесінова