Билік

“Нұр Отан” ХДП СҚФ Саяси кеңес Бюросының отырысы

Жиында негізгі 4 мәселе қаралды. “Нұр Отан” партиясының сайлауалды платформасын жүзеге асыру бойынша жергілікті атқарушы биліктің жұмыс есебі жайлы облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов баяндады. Соңғы 3 жылда әлеуметтік салаға 161 млрд 400 млн теңге бөлінген. Ал, бұл облыстың жалпы бюджетінің 57 пайызын құрайды. Халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы да тиісті деңгейде атқарылып жатыр. Тек өткен жылдың өзінде аталған жобаны жүзеге асыру үшін 3 млрд теңге жұмсалыпты.

Фархад Қуанғанов, облыс әкімінің орынбасары:

-Бағдарламаның бірінші бағыты аясында қайта даярлаудан өткен азаматтардың 24-і жұмысқа орналастырылды. Әлеуметтік жұмыс орындарына 1 283, ал жастар тәжірибесіне 1 271 адам жіберілді. Екінші бағыт бойынша 268 адамға 600 млн теңгенің несиесі берілді. Үшінші бағыт аясында 270 үй қолданысқа тапсырылды.

Сондай-ақ, 29 инфрақұрылымды жөндеудің нәтижесінде ауылдық жерде 481 жұмыс орны құрылды. Биыл да аудандарда 600-ден астам азамат кәсіппен қамтылады. Бұдан басқа тағы да бірнеше бағытта өсім байқалады. Мәселен, мемлекеттік – жеке меншік серіктестік үлесі 20 пайызға көтеріліпті. Ал, денсаулық сақтау саласын қаржыландыру соңғы 3 жылда 42,5 млрд теңгеге жеткен. Өткен жылы тұрғындарды спортқа тарту жоспары артығымен орындалып, 24 пайыздан асқан. Бұл да – халықтың денсаулығын нығайтудағы бір жетістік.

Облыстық білім басқармасының бастығы Нұрболат Бикенов балаларды біліммен қамтудағы алдағы 7 жылда  жоспарларымен бөлісті.

Нұрболат Бикенов, облыстық білім басқармасының бастығы:

-Балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен қамтамасыз етуге ниет білдіріп отырмыз. Ол үшін 2020 жылдардың аяғына дейін жеке сектормен бірлесіп, 8120 орынға мектепке дейінгі ұйымдар құруға жоспарлаудамыз. Орта білім беретін мектептерді 2020 жылға қарай 12 жылдық оқыту моделіне көшіру жоспарлануда.

Ал депутаттардың аудандарда орта кәсіптік білім беруді дамыту туралы пікіріне білім басқармасының бастығы әзірге елді мекендерде жаңа колледж салу мүмкіндігі жоқ деп жауап берді. Бас партия филиалының төрағасы, облыс әкімі Самат Ескендіров көптен бері ашыла алмай жүрген “Ашық аспан” балабақшалар жүйесінің тағы бір нүктесін іске қосу мәселесіне көп үңіліп, санға емес, сапаға баса мән беруге кеңес берді.

Самат Ескендіров, “Нұр Отан” ХДП СҚОФ төрағасы, СҚО әкімі:

-“Ашық аспан” мектепке дейінгі мекемесі өткен жылдың желтоқсанынан бастап қосымша филиалын аша алмай жүр. Сіз осы туралы білесіз бе? Білсеңіз, неге бүгін осы туралы айтпайсыз? Жеке меншік серіктестігін қолдау туралы мәселесі қазір жиі талқыланып жүр ғой.

Бұл балабақшаның іске қосылуына техникалық қызмет көрсету орталығының жақын орналасқаны кедергі келтіріп тұр. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Асқар Сақыпкереев халықты әлеуметтік қорғау органдарының жұмысы партия платформасының жобасына сәйкес жүргізіліп жатыр деді. Басты назарда – аумақты дамыту және “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламалары. Соңғысы бойынша өткен жылы ауқымды іс атқарылды. Ішкі саясат басқармасының бастығы Руслан Әлішевтің мәлімдеуінше Елбасы Жолдауын насихаттау мақсатында халықпен 1 400 кездесу өткізіліп, 90 мыңнан астам адам қамтылған.

Бұдан кейін отырыста тиісті қаулылар қабылданып, облыстық мәслихаттағы партиялық фракция жұмысының жоспары бекітілді.

Сондай-ақ, жиында жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің жаңа төрағасының кандидатурасы ұсынылды. Өйткені бұрынғы төрағасы Марат Омаров Шал ақын ауданы әкімінің қызметіне тағайындалған болатын.

Самат Ескендіров, “Нұр Отан” ХДП СҚОФ төрағасы, СҚО әкімі:

-Қоғамдық кеңес төрағасының қызметіне Сайран Хамзиннің кандидатурасы ұсынылады. Оны әріптестері өте жақсы біледі, ол – қоғамдық жұмысқа өте белсенді араласатын азамат.

Саяси бюро мүшелері Сайран Хамзиннің кандидатурасын бірауыздан қабылдады.

Данаш Хамзина