Қоғам

Көрнекі ақпараттағы қателер

“Аласа бағалар бойымен жеміс және көкөністер”, “шашын қию”. Көшеге шыға қалсаң, кейде айналадағы билбордтағы жарнамалар, дүкендер мен әсемдік салондарының атаулары мен қызмет көрсету түрлерінде осы сынды дұрыс аударылмаған немесе орфографиялық және стилистикалық қателер тұнып тұрады. Рейдке шыққан тіл жанашырларының мақсаты да осындай қате кеткен жерлерге барып, ескерту жасау.

Нұрлан Жамантаев, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма бастығының орынбасары:

– Петропавл қаласының көрнекі ақпараты мен жарнамаларын тексеру мақсатында тоқсан сайын рейд жүргізіледі. Былтыр осындай шараны 500-ден астам нысанда өткіздік. Сәуір айының 24-нен бастап, ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ономастика мәселелері бойынша   өзгерістер мен толықтыру енгізіліп, күшіне енеді.

Заң күшіне енсе, қате жазылған сөз ескерту жасалған уақыттан бастап бір жыл ішінде түзелмесе, шағын кәсіпкерлер – 10, орта кәсіпкерлер – 20 және ірілері 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді дейді басқарма мамандары. Бүгінде қалада 20 шақты жарнама жасау агенттігі бар. Олардың 10-ға жуығы ғана қазақ тіліндегі мәтіндерді тексерту үшін облыстық тілдерді дамыту басқармасының мамандарына жүгінеді екен. Солардың бірі – «АРТСИТИ» жарнама агенттігі.

Константин Сусметов, «АРТСИТИ» жарнама агенттігінң менеджері:

-ҚР «Тілдер туралы» заңының 21-бабының талаптарын  орындау – біздің міндетіміз. Соған сай, бізге түскен тапсырыстарды тексертіп отырамыз. Содан кейін ғана билбордтарда жарнамалаймыз.

Осындай рейд шаралары кезінде күніне шамамен 5-6 ірі қателерді табамыз дейді мамандар.

Әспет Әбдірешова