ТКШ

Үйлердің қабырғалары неге сөгіле бастады ?

 

Меңсұлу Салықованың үйі осыдан алты жыл бұрын салыныпты. Тұрмысқа жайлы тұрғын үйдің барлық жағдайы жасалған. Алайда баспананы алар кезде зейнеткер ондағы кәріздік коллектордың дұрыс орнатылмағанынан бейхабар болса керек. Күні бойғы тарсыл-гүрсілден жер тітіреп, үй де қақырай бастаған. Құрылысты «Рүстем» ЖШС жүргізіп жатыр. Зейнеткер үйінің қабырғасы мен төбесінде пайда болған жарықты осының кесірінен деп отыр.

Меңсұлу Салықова:

– Бірде осында «Рүстем» фирмасының атқарушы директоры келді. Шағымға қатысты ештеңе жасай алмаймыз, бізді осында жұмыс жасауға жіберді деп жауап берді. Қандай да бір қарсылықтарыңыз болса, сотқа арызданыңыздар деді.

Меңсұлу Салықова әзірге сотқа шағым айта алмайды. Себебі қабырғадағы жарықшақтың шынымен де жөндеу жұмыстарының кесірінен пайда болғанын арнайы сараптама қызметі анықтау керек.

Меңсұлу Салықова:

– Мен 7-8 ұйымға хабарластым. Ешкім мұндай сараптама жүргізіп, қорытынды шығара алмайды. Жалғыз ғана ұйым – сауда-өнеркәсіп палатасы келіп, қарады. Оның өзі өрт немесе су басу жағдайы орын алғанда ғана.

Жақында мұнда шынымен де өрт орын алуы мүмкін жағдай тіркелді дейді зейнеткер. Өйткені дуалдың жанындағы электр беретін желінің тіреуі құлаған. Телефон арқылы серіктестік мамандарымен байланысқа шаққанымызда олар жөндеу жұмыстарының Меңсұлу Салықованың мәселесіне еш қатысы жоқтығын айтты.  Алдағы уақытта Меңсұлу Салықова көршілерімен бірлесіп сотқа арызданбақшы. Жөндеу жұмыстары болса аяқталатын түрі жоқ.

Әспет Әбдірешова