Көлік және жолдар

Петропавлдың шеткі аудандары көктемгі су тасқынында қалу қаупі бар

 

Айдана Демесінова, тілші:

-Қардың мол түсуінен әсіресе жеке сектордың тұрғындары жапа шегуде. Перминовы көшесінде тұратын жерлестеріміздің сөзіне қарағанда, бұл жерден ақ ұлпа мүлдем шығарылмаған. Күн жылып, қар еріген кезде олардың жағдайын елестетудің өзі қиын-ақ.

Косогор ауданы ойда орналасқандықтан жағдай тіпті ушығып кетуі мүмкін. Өйткені қалада еріген қардың суы да осы жерге жыра болып ағуда. Мұның барлығы көлікпен жүруге де мол қиындықтар туғызбақ. Тұрғындар бұл жағдайдың, әсіресе, жедел жәрдем мен құтқарушылардың жұмысына ауыр тиетінін ойлап, уайымдап отыр.

Дмитрий Шмаков, тұрғын:

-Ойқаладағы Потанин және онымен қатар орналасқан көшелерден ғана қарды аршиды. Осылайша, басқа көшелер назардан тыс қалуда. Бізде жол жоқ, күн жылығанда бұл жерден трактор да өте алмайтын шығар. Көршілерім әкімдікке хат жазды. Әзірге нәтижесіз.

Қарды өз күшімен шығаруға тұрғындар қауқарсыз. Өйткені бұл үшін арнайы техника жалдау қажет. Ондай қаражатты қалтамыз көтермейді дейді олар. Дәл осындай мәселе Халтурин көшесінің тұрғындарын да мазалап отыр. Наурыз меркесіне дейін ақ ұлпаны бұл жерден 4 күн бойы шығарған. Алайда бұл іс соңына дейін атқарылмады. Осылайша 18 үйдің маңында үйіліп тұрған оппа қар жиналмай қалды. Тұрғындардың бармаған жері, баспаған тауы қалмапты. Талай мекеменің табалдырығын тоздырған бұқара біздің арнаға қоңырау шалды. Қыс қарға сараң болмады. Өткен жылмен салыстырғанда биыл оның көрсеткіші 3 есеге артық екен. Облыс орталығы судың астында қалмас үшін қандай шаралар қолға алынғандығын білу мақсатында қалалық әкімдіктің өкілдерін әңгімеге тарттық. Ағымдағы жылы қала көшелеріндегі ақ ұлпаны шығаруға 200 млн теңгеге жуық қаржы бөлініпті. Сондай-ақ су тасқынына қарсы шараларға да 40 млн теңге бағытталған екен. Осы уақытқа дейін 550 мың текше метр қар сыртқа шығарылды.

Қайролла Ғалеев, қала әкімінің орынбасары:

-Биыл қар шығару үшін 10 кәсіпорынды тарттық. Бұл жұмыстарға қажетті техника жеткілікті. Бензострой, Ойқала аудандары мен Жұмысшы кентінің негізгі көшелерінен қар шығарылды. Сонымен қатар, бұл аудандардағы су басу қаупі жоғары көшелер де қардан аршылады.

Қаламыздың тазалығы кәсіпкерлерге де байланысты. Мәселен, тез салынатын ғимараттар зауытының жанынан мынандай жағымсыз көріністі байқауға болады. Бұл жердің қары мүлдем шығарылмаған сыңайлы. Ал ережеге сәйкес іскер жандар меншігінің маңайын өздері қардан аршуға міндетті. Алайда көпке топырақ шашуға болмайды. Өз міндетін адал орындайтындар да баршылық.

Нина Мукушева, “Ассорти” сауда кешенінің әкімгері:

-Біз сауда кешеніміздің аумағын қардан да, мұздан да өзіміз тазалаймыз. «Коммунсервис» кәсіпорнымен келісімшартқа тұрдық. Ай сайын қарды жинайды.

Қаламызда жеке меншік иелеріне өз ауласындағы қарды шығару керектігін ескертетін арнайы топ та құрылыпты. Бұл жұмыс нәтижелі болған екен. Өйткені кәсіпкерлерге берілген 1290 хабарламаның 80 пайызы орындалды.

Айдана Демесінова