Мәдениет

Мағжанға арналған көрме

 

Мағжанның сырға толы поэзиясы қай кезде болмасын жастардың жүрегінен орын табады. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің студенті Бибігүл Нұртазина ақын жырларына ертеден ден қойыпты. Бұл кеште ол Мағжанның «Сырым» атты өлеңін оқыды. Көрмеде М.Жұмабаевтың өмірлік және шығармашылық жолының әр түрлі кезеңіндегі өлеңдер, аудармалар, құжаттар және фотосуреттер көрсетілді. Сонымен қатар, мұнда Мағжанның атасы Жұмабай қажының Құраны мен жайнамазы, әкесі Бекен әулетінің самауыры сынды жеке заттары көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеге ақынның немере інісі Тасболат Бекенов те қатысты. Көрмеде «Мағжанды оқи отыра» деген атпен жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасында өткен суреттер байқауында топ жарғандардың есімдері де белгілі болды. Ағымдағы жылы ұлы Мағжанның туғанына 120 жыл толады.

Рәзипа Тәженова, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы әдебиет бөлімінің меңгерушісі:

– Көрмеге қойылған заттардың көбін Сарытомар мұражайынан алдық.

Сонымен қатар көрмені тамашалауға келгендер Н.Погодин атындағы орыс драма театрының актерлері дайындаған “Мағжанның соты” қойылымынан үзіндіні көрді. Онда жерлес ақынның қасіретке толы тағдыры суреттелді.

Әспет Әбдірешова