Мәдениет

Әскери оркестрлер байқауы

 

Сайыс барысында шырқалған әндер алуан түрлі. Сахнадан патриоттық, әскери, сондай-ақ, қазіргі замандағы әндермен қатар кинофильмдердегі әуендер де төгілді. Оны құйқылжыта орындағандар – облыс орталығындағы 66/37 және Қостанай облысындағы 66/97 әскери бөлімдерінің сарбаздары. Әділқазылар алқасының мүшелері конкурсанттардың кәсіби деңгейлері өткен жылмен салыстырғанда анағұрлым өскендігі байқалады дейді.

Асхат Мұхамедяров, қазылар алқасының мүшесі, ҚР ІІМ Ішкі әскерлері әскери оркестр қызметінің бастығы:

-Әр оркестрдің өзіндік бағдарламасы бар. Бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Бұдан сарбаздардың өнерге деген құлшыныстары айқын аңғарылады.

Бұл – Қостанай облысынан келген 66/97 әскери бөлімінің оркестрі. Оған капитан Вартан Мерегьянның жетекшілік еткеніне 8 жыл болыпты. Ол әскери темірдей тәртіп пен әуенге деген құштарлық өмірімде өз үйлесімін тапты дейді.

Вартан Мегерьян, 66/97 әскери бөлімі оркестрінің дирижёрі, Қостанай облысы:

-Әскери оркестрлердің басын қосқан осындай байқаудың ұйымдастырылғанына қуаныштымыз. Өз өнерлерімізбен тыңдармандарымызды қуанышқа бөлейміз деген ойдамын.

Петропавлдағы әскери институт оркестрі де бұл байқауға үлкен әзірлікпен келіпті. Олар отандық композиторлардың шығармаларымен қатар әскери патриоттық әндер, тіпті “12 орындық”, “Кариб аралы пираттары” кинофильмдерінен де музыкалық композиция ұсынды көрермендерге. Оркестрдің сүйемелдеуімен бірнеше вокалдық конкурстардың лауреаты атанған старшина Сабыр Бүкіров бірнеше ән орындады. Жүлделі орынға қол жеткізу үшін әлі де біраз тер төгуім керек дейді ол.

Сабыр Бүкіров, ҚР ІІМ ІӘ Әскери институтының өкілі:

– Ұжымдардың бағдарламасы алуан түрлі. Музыканттардың ешқайсысын осал деп айта алмаймын. Тартыс оңай болмайды.

Ал, плац-концертте оркестрлер өздерінің әскери-саптық байқауын көрсетті. Оның бәрі үйреншікті марш әуені бойынша жүргізілді.Байқау қорытындысы бойынша жеңісті біздің әскери институт пен қостанайлықтар еншіледі. Енді олар сәуірдің 25 – 28 аралығында Астанада өтетін байқаудың екінші турында өнер көрсететін болады. Онда еліміз бойынша жүргізілген сынның бірінші айналымында үздік атанғандар бас қоспақ.

Самат Есмағи