Қоғам

Жемқорлыққа қарсы жұрт болып жұмылу

 

Сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабу. Елбасы соңғы жолдауында осы әлеуметтік зұлымдықпен күресті күшейтіп, жауапкершілікті қатайта түсуге басымдық берді. Қаржы полицейлері қоғамды пара беріп, қалтаға басатындардан тазартудың енді бір амалын ұсынып отыр. Құзырлы органның ресми сайтында жаңа бет ашылды.

 

Ермекбай Қожахметов, СҚО бойынша экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті бастығының орынбасары:

– Агенттіктің www.finpol.kz ресми сайтында 2-10 сәуір аралығында «Халықтық құқықтық шығармашылық» атты бөлім жұмыс істейтін болады. Аталған бетке тіркелген әрбір азамат сыбайлас жемқорлықты жою жөнінде өз ойларын қалдыра алады.  Ұсыныстарды жұмыс тобы  жіті қарайды. Ұтымды деген пікірлер ескеріліп, заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу көзделген.

 

Көп көтерген жүк жеңіл. Мақсат ниеті бір отандастарымызды қоғамдық індетке қарсы жұмылдыру. Өйтпесе көз қысты, бармақ бастылыққа баратындар күн санап өршіп барады. Жылдың алғашқы ширегінде ғана өңірімізде сыбайлас жемқорлықтың 32 фактісі тіркеліпті.

 

Ермекбай Қожахметов, СҚО бойынша экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті бастығының орынбасары:

– 14 қылмыстық іс соттың қарауына жіберілді. Негізінен бөтеннің мүлкіне қол сұғу мен мемлекеттік қызметшілердің заңды мүмкіндіктерін асыра пайдаланушылық. Биыл парақорлық фактісі де орын алды. Өзге істер бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.

 

Қызмет бабын асыра пайдаланған 7 лауазымды тұлға тәртіптік кеңес алдында жауап беріп, тиісті жазасын алды.

 

Жеңіс Ермұқанов