Денсаулық сақтау

Хирургтер тәжірибе алмасты

 

Хирургтер 5 жасар баланың жуан ішегін түзету үшін ота жасамақшы. Жергілікті мамандарға лапароскопиялық әдіс бойынша операция жасаудың қыр-сырын Астана медицина университетінен келген профессор Орал Оспанов көрсетуде.

Орал Оспанов, Астана медицина университетінің эндохирургия кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор:

– Емханалардың замануи құрал-жабдықтармен толығуына байланысты бұл отаны жүзеге асыру мүмкін болып отыр. Қарапайым ота жасау кезінде біз бәрін көзімізбен көрсек, мұнда алдымыздағы бейнені екі-үш есе үлкейтіп көре аламыз.

 

Лапароскопиялық ота жасау тәжірибесі бүгінде кеңінен қолданысқа еніп келеді. Бұл әдіс арқылы барлық ағзаларды үлкейтіп көруге болады. Әрі ота жасалғаннан кейін науқастың оңалып кетуі екі-үш есе жылдамырақ жүреді. Бұл әсіресе балалар үшін өте тиімді дейді дәрігерлер.

 

Олег Завьялов, облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері:

– Әлемде лапароскопиялық әдіспен хирургиялық ота жасау дамып келеді. Облыстық балалар ауруханасында да хирургтер бұл тәсілді меңгеруде. Астанадан маманды шеберлік сыныбын өткізу үшін шақырдық. Алдағы уақытта қарапайым оталарды осы әдіспен жасауға біртіндеп көшіреміз.

 

Облыстық балалар ауруханасына білікті мамандар жиі келіп, тәжірибелерін жергілікті дәрігерлерге көрсетіп тұрады. Хирургтердің жұмысын сапалы ету үшін мұнда алдағы уақытта томограф алу жоспарланып отыр. Замануи технологиялардың көмегімен өткен жылы балалар өлімі 0,7 пайызға төмендепті. Жалпы 2012 жылы мұнда тоғыз мыңнан астам бала ем алған.

 

Әспет Әбдірешова