МТРА жаңалықтары

Көктемгі егіс жайы Үкіметте сөз болды

 

Биыл еліміздің басым бөлігіне қар қалың түсті. Ол мол ылғалдың кепілі деді жиынды ашқан Премьер-Министр. Ендігі жерде оны ұтымды пайдалану керек. Көктемгі егіске әзірлік туралы Ауыл шаруашылығы министрі баян етті. Осы жылы дәнді дақыл себу 24,5 млн гектар жерде жүргізілмек. Малға жем-азық егілетін алқаптарды кеңейту де басты назарда болуы шарт. Жер емген шаруаларға мемлекет тарапынан айтарлықтай көмек болады деді Асылжан Мамытбеков. Осы жылға қарастырылған субсидия көлемі 41,5 миллиард теңге. Гербицидті қаржыландыру биыл 19 пайызға артқан. Агроқұрылымдарға көктемгі дала жұмыстарына қажетті жанар-жағар май нарықтағыдан 13 пайызға төмен беріледі. Оның литрі еліміз бойынша 90 теңгені құрамақ. Тұқым қорының 90 пайызы тексерістен өтіп, себуге жарамды деп танылыпты. Машина-трактор паркі толығымен дайын. Шаруаларды қаржылай қолдауда “ҚазАгро” ұлттық холдингінің алар орны ерекше. Олар осы жылы да сараңдық танытпаймыз дейді. Лизингке бағытталатын сома 10 миллиард теңгені құрайтын болады. Оны басқарма төрағасы атап көрсетті. Бұдан соң бірқатар облыстардың егіске әзірлік барысы тыңдалды. Жиынды қорытындылаған Премьер-Министр көктемгі дала жұмыстары дер кезінде басталып, белгіленген межеде аяқталуы тиіс деген міндеттеме қойды жауапты басшыларға. Астанамен болған байланыс аяқталысымен күн тәртібінде қаралған мәселе жергілікті жерде талқыланды.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Жалпы көктемгі дала жұмыстарына әзірлік жаман емес. Республикалық көрсеткіш бойынша ортаңғы деңгейдеміз. Қаржылай қолдау болады. Жанар-жағар маймен қамтамасыз ету тұрғысында әлі де жұмыс істеуіміз керек. Шаруашылықтармен келісім-шарттар әлі де аздау, осы жағын тағы бір мәрте қарастыру қажет.

 

Жер емген шаруалар үшін міндет айқын, тапсырма бар. Ендігі жерде тек ерінбей еңбек ету керек. Ондайларға мемлекет қашанда қолдау танытады.

 

Самат Есмағи