Аптадағы маңызды жаңалықтар

Кәсіпкерлердің жаңа жобалары

 

Жеке ісінің іргесін кеңейтемін деген кәсіпкерлерге – “Бизнестің жол картасы 2020” бағдарламасы үлкен демеу. Аянбек Бижанов бұл қолдауды пайдаланып қалуға бел буғандардың бірі. Іскер азамат жолаушылар тасымалымен айналысады. Енді ол бағыттық көлік санын арттырып, техникалық қызмет көрсету орталығын ашуды көксейді. Сондықтан жеке кәсіпкер ұтымды бастамаларын өңірлік үйлестіру кеңесіне ұсынып отыр.

 

Аянбек Бижанов, “Бижанов” ЖК басшысы:

– Осы екі жобаға 6 млн теңге алдым. Оның пайызын азайтуды сұраймын. Егер несие беретін болса, тағы бір автобус аламын. Техникалық пунктте кемінде 3 жұмыс орны ашылады.

 

Қос жобаны да кеңес мүшелері қанағаттандырды. Бұл   рәсімделген несиенің жылдық үстемеақысының жартысын үкімет өтейді деген сөз. Кәсіпкер қалтасынан тек 7 пайыздық мөлшерлемені жабады. Тағы отырыста 153 млн теңгенің жолаушылар тасымалы мен жиһаз құрастыруға  қатысты өміршең сұраулары мақұлданды. Олардың бірі – “Назырова” жеке кәсіпкерлігі.

 

Раис Назыров, “Назырова” ЖК технологы:

-Біздің жиһазға деген сұраныс молынан. Өңірімізден басқа Ақмола облысының мемлекеттік мекемелері мен шаруа қожалықтарынан тапсырыс көптеп түседі. Кейде үлгермей жатамыз. Сондықтан шаруаның іргесін кеңейтуді жөн санадық. Енді тендерлерге қатысуды жоспарлап отырмыз.

 

“AgroStarGrain” ЖШС өтініші кеңес мүшелері тарапынан біраз сұрақ тудырды. Күмән келтіруі, біріншіден, астықты жақын және алыс шетелге экспортайтын кәсіпорын Алматы қаласында орналасқан. Алайда жұмысшылардың дені өңірімізде еңбек етеді. Бірақ өнімнің 60 пайызы СҚО тауар айналымында, басқасы өзге аймақтарға шығарылмақшы.

 

Қайрат Бекенов, СҚО әкімінің орынбасары:

– Бұл мәселені терең талдау үшін арнайы комиссия құрған жөн. Астықтың 40 пайызы өзге аймақтардан тасымалданады. Бірнеше облысты қамту мемлекет үшін тиімді жоба екені даусыз. Бірақ бізге бөлінген квотадан үстемеақы төленеді. Салық Алматы қаласының қазынасына түседі. Бұл жағын қарап алу керек деп санаймын.

 

Ал инфроқұрылымды жаңғыртуға қатысты 75 млн теңгенің көмегін сұраған 2 кәсіпкердің өтініштері бірден қолдау тапты. Ғ. Мүсірепов ауданына қарасты “ПМК-5” құрылыс компаниясына жарық үлестіретін, кәріздік-инженерлік желілер мен тас жол төсеуге мемлекет демеу жасайды. Жұмыртқа өндіретін қызылжарлық “Адель Құс” серіктестігіне су құбырын тарту қажет.

 

Игорь Тищенко, “Адель Құс” ЖШС директоры:

– Біз өзіміз балапан шығарғымыз келеді. Ол үшін таза ауыз су желісі қажет. Біздегі тіршілік көзі ойымызды жүзеге асыру үшін мүлдем жарамсыз.

 

Бүгін көтерілген тың бастамалардың толық қуатта іске қосылуымен жаңадан 14 жұмыс орны құрылады.

 

Жеңіс Ермұқанов