Қоғам

Булаев қаласында патриоттар форумы өтті

 

Жеке кәсіпкер Василий Пальчик – облыста белгілі тұлға. Ол бірнеше жыл бойы “Булаев” май зауытына жетекшілік етіп келеді. Ал, кәсіпорын өнімі бүгінде жоғары сапалы болғандықтан сұранысқа ие. Василий Пальчик халықтың көңілінен шығатын кәсіппен ынта қойып айналысады. Табыскер мемлекет бизнесті қолдап отырғанда жұмысыңды алға жетелеп, еліңе еңбек сіңіруге деген талпыныс артады дейді.

 

Василий Пальчик, жеке кәсіпкер, М. Жұмабаев ауданы:

-Бүгінде өнімнің 14 түрін: майдың 3 түрін, ірімшік, майлы айран, сүзбе және майы алынған ірімшік дайындаймыз. Қазір күніне сүтті 3,5-4 тоннадан қабылдап жатырмыз, ал маусым барысында 18-20 тоннаға дейін аламыз. Тауарды облыс аумағында және тапсырыс бойынша Астана қаласында сатамыз, ал қайталама шикізатты Ресейге шығарамыз.

 

Осылай ісімен үлгі болатын азаматтар М. Жұмабаев ауданында аз емес. Олардың барлығына “Елімнің тағдыры – менің тағдырым!” форумында құрмет көрсетілді. Алма Исаева  да елі үшін еңбек еткен нәзік жанды. 30 жылдық тәжірибесі бар фельдшер қазір денсаулық саласына бұрынғыға қарағанда баса көңіл бөлінетіндігін жеткізді.

 

Алма Исаева, Лебяжье селолық округінің фельдшері, М. Жұмабаев ауданы:

-Денсаулық сақтау саласына Елбасы көп мән береді. Қазір скринингтік тексерулер жүргіземіз. Осының арқасында түрлі ауруларды ерте кезінде анықтауға мүмкіндік туды.

 

Мұнда, сондай-ақ, қолөнер бұйымдарының көрмесі жайылды. Көпшілік назарына ауданның ағаштан түйін түйген шеберлерінің төл өнімдері ұсынылды. Мәселен, технология пәнінің мұғалімі Алексей Цейнер оқушыларымен бірге жасаған ағаш бұйымдар мен күн сәулесінің қуатымен жүретін болашақтың машиналарын мақтан тұтып көрсетіп жатыр.   8 сынып оқушысы Глеб Матвеев те көрмеге құр қол келмеген. Оның радиомен басқарылатын ұшағы баланың өз қиялынан туындаған.

Мекебай Оңғаев – қазақ халқының ұлттық аспаптарын жасайды. Ол 2010 жылы оқушылар шығармашылығы үйі құрылғалы бері ұрпақты домбыраны тануға үйретіп келеді. Өзі ақын, өзі шебер Мекебай аға форумда жерлестеріне патриоттық әнін арнады.

Мекебай Оңғаев, аудандық оқушылар шығармашылығы үйінің педагогы:

-Мен 2 үйірмеге жетекшілік етемін. Мектеп оқушыларын домбыра жасауға және ән айтуға үйретемін. Әрбір үйірмеге 10-15 баладан келіп отырады.

 

Форумға жиылғандар табысқа талпынысты Отанға деген махаббат, патриоттық сезім шабыттандырады дейді. Ал, бұл олардың түрлі қиындықтарға төтеп беріп, елі үшін еңбек етулеріне мүмкіндік береді.

 

Данаш Хамзина