Білім

Бірінші гимназия оқушыларының жеңісі

 

Бірінші гимназияның 11 сынып оқушысы Герман Бережко жақында Талдықорғанда жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша өткен республикалық олимпиададан күміс алқаны иемденіп қайтты. Нағыз біліміңді көрсететін додада ол 700-ге тарта оқушының арасынан суырылып шығып, Қазақстан-Британ техникалық университетінің грантын жеңіп алды.

 

Герман Бережко, Бірінші гимназия оқушысы:

-Олимпиада мектеп бағдарламасына сай болған жоқ. Тапсырмаларын да орындау қиынға соқты, дегенмен осындағы мұғалімдерімнің берген білімінің арқасында бәрін ойдағыдай тапсырдым. Әлі қайда оқуға түсуді шешкен жоқпын. Өйткені Ресей қаласында да тегін білім алуға мүмкіндік туып тұр. Дегенмен ақпараттандыру технологиясымен айналыса бермекпін.

 

Ал, 10 сынып оқушысы Виктория Переверзева болса көркем гимнастикадан өтен ел чемпионатынан екінші және үшінші орындарды алып қайтты. Жарыс Қарағанды қаласында өткен. Викторияның көркем гимнастикамен айналысып жүргеніне 10 жыл болыпты. Осы уақытта талай белестерді бағындырып, спорт шебері де атанған.

 

Виктория Переверзева, Бірінші гимназия оқушысы:

– Көркем гимнастика басқа спорт түрлеріне қарағанда жаныма жақын. Сондықтан да жаттығуларды орындау маған еш қиындыққа соқпайды. Осы спорттың арқасында еліміздің намысын халықаралық додаларда қорғау мен үшін үлкен бақыт. Сондықтан да әлі де болса жүлделі орындардан көріне бергім келеді.

 

Аталмыш мектептің енді бір оқушысы Қадыржан Мұхаметжанов  кекушенкай каратэмен шұғылданады. Ол да наурыздың 23-ші Ақтау қаласында өткен ел біріншілігінен 3 орынды иемденіп қайтты. Спорт шеберіне үміткер 65 кг салмақ дәрежесі бойынша өнер көрсеткен. Қадыржанның алға қойған мақсаттары мен жоспарлары да ауқымды екен.

Бірінші гимназияда 700-ден астам оқушы білім алады. Шәкірттердің жан-жақты болуына оқу ордасында мүмкіндік бар. Сондықтан олар қалалық, облыстық жарыстарды былай қойғанда, республикалық және халықаралық додаларға қатысып, жүлделі орындарды алып жүр. Тек білімнен ғана емес, спортта да үздік бола алатындарын дәлелдеуде. Биыл аталмыш білім ордасын 46 түлек аяқтамақ. Оның ішінде екеуі ерекше аттестат және төртеуі алтын белгі үміткерлері.

 

Татьяна Шацкая, Бірінші гимназия директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:

– Біз ұйымдастырылатын жарыстарды қалт жібермейміз. Барынша бәріне қатысуға тырысамыз. Былтыр Аида Есіргепова мектепті алтын белгімен аяқтап, Англияда оқуын жалғастыруда. Ол шәкіртақымен тегін білім алу мүмкіндігін иеленді.

 

Жеңімпаздардың алдағы уақыттағы жоспарлары көп. Ең алдымен олар ҰБТ ойдағыдай тапсырсақ деген ниетте.

Гүлбану Ахметова