Қоғам

Сәуірдің 1-і – Халықаралық құстар күні

Данаш Хамзина, тілші:

– Міне, мынау ағаштан жасалған құстардың үйшігі. Кәдімгідей шатыры бар, саңылау жасалған. Диаметрі -5 см. Негізінен қара торғайларға арналған. Есігінің алдында отыратын орындық бар. Мұндай ұяшықтар құстарды жауын-шашыннан, солтүстіктің ызғарлы желінен қорғайды.

 

Кейін, қанаттылар өздері мамық және шөппен ішін төсеп алса, балапан басуға да өте жайлы. Мамандар ағаштарға осындай үйшіктердің 15-н ілді.

1906 жылы алғаш рет құстарды қорғау жөніндегі Халықаралық конвенцияға қол қойылғаннан кейін, мемлекеттер қанаттылардың қорғалуына мән бере бастайды. Ал, халық олардың қадірін әуелден бағалаған. Мәселен, әншіні-бұлбұлға, сұлуды – аққуға, ер жігітті сұңқар мен бүркітке теңеп, осы құстардай сұлу және мықты болсын деп есім қойған. Аққу мен үкінің қауырсынын киелі санаса, “құстың ұясын бұзба, обал болады” деп қамқорлықпен қараған.

Мектеп оқушысы Регина Герлинская да осындай шаралар табиғатқа біртабан жақын болуға көмектеседі дейді.

 

Регина Герлинская, №7 орта мектеп оқушысы:

-Менің үйімнің балконында құстарға жем салатын арнаулы ыдыс ілініп тұр. Осылайша, мен де құстарды қорғауға кішкентай болсын, өз үлесімді қосып жатырмы.

 

Дүние жүзінде құстың жалпы 9 мың 600 түрі бар екен. Оның 400-ден астамы Қазақстанда мекендейді. Ал  біздің облыста тіршілік ететіні 100-ден асады. Алайда, қанаттылардың кейбірі аз кездесуге айналды дейді мамандар.

 

Қанат Омаров, СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бастығының орынбасары:

Мысалы, бүркіттің сиреуі экологияға байланысты. Ауыл шаруашылығында пестицидтің қолданылуы зиянды. Құстарды құртатын осы пестицидтер. Сосын оларды атып аулайды.

 

Орнитологтар құстар жойылса, экологиялық апат орнайды дейді. Сол себепті, соңынан бармақ тістегенше, осы мәселеге қазір көңіл аударған жөн.

 

Данаш Хамзина