Көлік және жолдар

Қаланың шет аймақтарын су басу қаупі бар

“Коммунхоз-Петропавл ” ЖШС өздеріне бекітілген аумақты күнде жинайды екен. Олардың жұмыстары таңғы 8-де басталып, қас қарайғанда аяқталады. Бүгінгі күнге дейін кәсіпорын жұмысшылары 30 мың текше метр қарды сыртқа шығарыпты. Десек те көшедегі ақ ұлпа азаяр емес. Күн де күрт жылынып, жауған қар суға айналуда.

Елена Ивашенко, “Коммунхоз-Петропавл” ЖШС бөлім бастығы:

– Қолда бар техниканы жұмылдырып, қала көшелерін жинап жатырмыз. Көбіне орталықтарды тазалаймыз. Сондықтан да қаланың шет жақтарына бара алмай жатырмыз. Ең алдымен тротуарларды, аялдама маңын жинап жатырмыз. Жеке меншік сектордың тұрғындары ортақ істен шет қалмаса дейміз. Олар бізді күтпей, өз үйлерінің маңын қардан аршыса жақсы болар еді.

Серіктестік қала көшелерін қардан тазартуға 17 техника мен 170-ке тарта жұмыс күшін пайдалануда. Сабыржан Серікбаевтың аталған кәсіпорында еңбек етіп жүргеніне 1 жарым жылдан асқан. Биыл қар қалың түсті. Жұмысымыз да көбейді дейді ол. Комуналдық қызметтер орталықтағы көшелерді ақ ұлпадан аршып жатқанда, шаһар сыртындағылар еріген қардың астында қалды. Рыжов көшесінің тұрғындары коммуналдық қызмет көшемізге күрек салып көрген емес дейді. Тамара Пенноның бұл маңда тұрып жатқанына 40 жылға жуық уақыт болған. Қыста қар тазаланбайды, көктемде судың астында қаламыз дейді ол.

Тамара Пенно, қала тұрғыны:

– Мен біздің көшемізде қарды жинамай жатқандығын айтып әкімдікке бардым. Ғалиевтың қабылдауында 8-ақпанда болдым. Ол маған жинайтындарын айтқан болатын. Бірақ екі ай өтті. Баяғы жартас сол жартас. Енді міне күн жылынып қар еріп, көшелер көлшікке айналып, жаяу жүруден қалдық.

Ал қаладағы зейнеткерлер болса қарды өз күшімізбен тазалауға қауқарсызбыз, сондықтан коммуналдық қызметтің көмегіне жүгінгеннен басқа амалымыз жоқ деуде. ДСР ықшам ауданында тұратын 75 жастағы Нина Баналист коммуналдық кәсіпорындар көшені тазалағанымен, қарды   менің үйімнің жанына үйіп тастады, енді судың астында қаламын деп дабыл қағуда.

Нина Баналист, қала тұрғыны:

– 5-6 күн бұрын коммуналдық қызмет өкілдері көшені қардан тазалап, бар ақ ұлпаны үйдің жанына үйіп қойды. Оны кім тазалауы керек сонда. Қар болса еріп дәлізді су басуда. Мен өзім үйде жалғыз тұрамын. Енді су астында қалатын түрім бар.

Осылайша қала шетіндегі тұрғындар қар ерісе үйіміз су астында қалады деп дабыл қақса, орталықтағылар ақ ұлпа уақтылы жиналады дейді.

-Қала көшелерін тазалайды. Өте жақсы тазалайды.

– Бүкіл көшелерді тазалайды. Менің үйімнің жанында да тазалайды.

– Қарды жинап жатыр. Бірақ, тек қала орталығын ғана. Шет аудандар назардан тыс қалуда.

 

Ал  ауа райын болжаушылар сәуір айының екінші онкүндігінде күн күрт жылынады дейді. Жұмысшы кенті, Былғары зауыты, Бензострой, Заречный, Копай аудандарының тұрғындары қарды аршуды қолға алмаса, қалың судың астында қалуы мүмкін.

Гүлбану Ахметова