Қоғам

Бір айда – әскери билет

Петропавл әскери-техникалық мектебіне мына сарбаздар түрлі себеппен келген. Отбасы немесе денсаулық жағдайымен Отан алдындағы борыштарын өтей алмаған жігіттердің көбіне әскери билет жұмысқа тұру үшін қажет. Оның үстіне, ҚР «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңына сай әскери оқу резервінен өту міндеттелді. Бұл жолы әскери антты 30 адам қабылдады. Олар бір ай көлемінде әскери іске машықтанып, арнайы оқу курсынан өтті.

 

Юрий Глумов, «ҚМ әскери-техникалық мектебі» РМҚК Петропавл филиалының оқытушысы:

– «Петропавл әскери-техникалық мектебінде сарбаздарды «Әскери атқыш» бағдарламасы бойынша оқытамыз. Бүгін мұнда алғашқы топ ант қабылдайды. Бұл мектеп Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстары үшін жұмыс істейді. Сарбаздардың тамақтануы, киімі, тұратын жері олардың төлеген ақшасына кіреді.

 

Бір жылда мұнда шамамен 240 сарбаз әскери курстан өтеді. Нағыз әскердегідей болмаса да, тәрбиеленушілер үшін әскери ант қабылдағаннан кейін, бүгінгі күн ерекше. Шыңғыс Ұланов өткен жылы жоғары оқу орнын «Аударма ісі» мамандығы бойынша тәмамдаған. Денсаулық жағдайына байланысты әскерге жолы түспепті. Жігіт әскери өмірдің қыр-сырын осы курста меңгеріп алғанды жөн санапты. Енді міне арманы да орындалды.

 

Шыңғыс Ұланов, «ҚМ әскери-техникалық мектебі» РМҚК Петропавл филиалының тәрбиеленушісі:

Осы бір ай біз үшін айтарлықтай жемісті болды. Біз өзімізге керек көп нәрседен мағлұмат алдық. Өте қуаныштымын, қасымда бірге оқыған топ та жақсы болды.

 

Мұндай балама қызметті қысқа мерзім ішінде 22 – 27 жас аралығындағы азаматтар меңгере алады. Алайда бұл курстан өту үшін шамамен 200 мың теңгеден астам ақша төлеу керек. Алдағы бір ай көлемінде бұл жерде Қостанай облысынан келген сарбаздар үшін кезекті оқу басталады.

 

Әспет Әбдірешова