Мәдениет

Балалар кітабы апталығы

Бүгін Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы тағы өз оқырмандарының басын қосып отыр. Бұл жолы олар кітаптың туған күнін тойлауда. Мұндай мерекені атап өтуді балалар жазушысы Лев Кассиль ұсынған екен.

 

Мапруза Жұмабаева, Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жсөспірімдер кітапханасының бөлім жетекшісі:

Біз оқырмандарымызбен бұл мерекені жыл сайын тойлаймыз. Мейрамға белсенді оқырмандарымызды шақырдық. Ата-аналары да келіп отыр. Қызықты болу үшін ертегілердің, балалар шығармаларының кейіпкерлерімен қойылым түрінде өткізіп жатырмыз.

 

Кітап – балалардың сенімді досы, ақылшысы. Ойын түрінде өткен бүгінгі шарада оқулықтың маңызы, оны ұқыпты ұстау керек деген сияқты түрлі кеңестер айтылды. Сондай-ақ, кеште «Сүйікті кітапханама ертегі сыйлаймын» атты байқаудың қорытындысы да жарияланды. Сабина Ахметжанованың жұмысы жоғары бағаға ие болды. 13 жастағы қыз «Сыбызғышы» ертегісіне иллюстрация жасап, кітапханаға тарту етіпті.

 

Сабина Ахметжанова, қазақ мектеп-гимназиясының оқушысы:

-Мен «Сыбызғышы» ертегісін салдым. Ол жерде 4 сурет болды. Сурет салу маған қатты ұнайды. Кітапханаға әрдайым келіп отырамын.

 

Бүгінде кітап ордасына 14 мыңға тарта оқырман келеді екен. Жылдан жылға кітапхана қоры да көбею үстінде. Ағымдағы жылы оның саны 200 мыңға жеткен екен.

 

Биыл Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасы 50 жылдығын атап өтті. Жарты ғасыр бұрын мұнда 20 мыңға жуық кітап болған екен. Солардың бірі – А.С.Пушкиннің шығармалар жинағы.

Айдана Демесінова