Билік

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Солтүстік Қазақстанда мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысын көрді

 

Бақытжан Сағынтаев өңірге жұмыс сапары барысында Петропавл су торабының жұмысымен танысты. 1973 жылы тұрғызылған нысан өткен жылдары 351 млн теңгеге қайта қалпына келтірілген болатын. Қазір қызу жұмыс істеп тұр. Су тасқынына қарсы техникамен қатар барлық қажетті инертті материалдар қоры әзір. Облыс әкімінің орынбасары Владимир Балахонцев төтенше жағдайлардың алдын алу үшін тиісті шаралардың қолға алынғанын жеткізді.

Владимир Балахонцев, облыс әкімінің орынбасары:

-Облыс бойынша 10 мың тонна құм, 12 мың тонна қиыршық тас және балшықтың 10 мың тоннасы бар. Төтенше жағдай болған кезде суды соратын 552 техника да дайын тұр.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Солтүстік Қазақстан облысының қауырт маусымға әзірлігін сұрады. Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко өңір су тасқынына төтеп беруге сақадай-сай деді.

Владимир Божко, ҚР төтенше жағдайлар министрі:

-Барлығы тексерілді, саяжайлардағы адамдар ескертіліп, қауіпті деген учаскелер анықталды.

Вице-премьер бұдан кейін өңірдегі “Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту” бағдарламасының жүзеге асу барысын байқады. Мемлекет қолдауының арқасында елдегі біраз баспана бір жаңарып қалғаны рас. Оған Жамбыл көшесі, 127 мекен жайындағы салынғанына жарты ғасырдан асқан баспананың бүгінгі келбеті дәлел. Аталған жобаның аясында үйге 8 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізіліпті. Сондай-ақ, жылу автоматикасы мен жылу есептегіш құралы орнатылған. Тұрғындар жылу есептегіштің арқасында айтарлықтай қаражат үнемдеп отырғандарын айтып, ризашылықтарын білдірді.

Виктор Шукан, “Спутник” ПИК төрағасы:

– Мен бұрын жылуға 3 мың 400 теңге төлейтінмін, ал қазір 2 мың 300 беремін. 1 мың теңгем қалтамда қалады.

Бақытжан Сағынтаев Караван көшесі бойындағы ұзындығы 100 метрден асатын авто жол өтпесінің жағдайымен танысты. Оны жөндеуге 550 млн теңге қажет екен.

Ал, “ЗИКСТО” жүк вагондарын шығарумен айналысады. Кәсіпорынның жұмыс істеу қарқыны қызу. Өткен жылы олардың өндіріс көлемі 4,5 млрд теңгеге өссе, биыл да бірқатар ауқымды жоспарлар жүзеге асырылмақшы. Мәселен, ағымдағы жылы зауыттықтар 3 млрд теңгеге келісімдер жасасқан.

Бақытжан Сағынтаев “Береке” ауданына да соқты. Былтыр мұнда 95 пәтерлі екі тұрғын үй қолданысқа берілді. Биыл шағын ауданда 421 пәтерлі 10 үйдің құрылысы салынып жатыр. Жоба құны – 4 млрд теңгеден асып жығылады.

Вице-премьер Бақытжан Сағынтаев баспаналы болу үшін мемлекет тарапынан барынша қолдау жасалып жатқанын алға тартты.

Данаш Хамзина