Құқық қорғау органдары

Ғазиз Байтасовты еске алуға арналған экспозиция

 

Полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың есімі Қазақстан полициясының тарихында мәңгілікке сақталады дейді тәртіп сақшылары. Жамбыл облысының ІІД жол полициясының жеке батальонының 1 взвод командирі болған Ғазиз Байтасов осыдан екі жыл бұрын қызмет барысында қаруланып алған аса қауіпті қылмыскерді ұстау барысында қаза болған еді. Басқа жандардың қауіпсіздігі үшін жасаған оның бұл ерлігі кейінгі ұрпаққа үлгі болып қалмақ. Бүгін облыстық жол полициясы басқармасының мұражайында оған арналған экспозиция ашылды.

Серік Едрисов, СҚО ІІД бастығының орынбасары:

– Ғазиз Байтасов өз еліне 20 жыл қызмет етті. Туған облысының жолындағы қауіпсіздікті қадағалап, қаншама тәртіп сақшыларын тәрбиеледі. Жаңа экспозицияның ашылуы қаза болған әріптесімізді еске алу үшін ғана емес, сонымен қатар басқалар үшін үлгі болады деп санаймын.

Ғазиз Байтасовқа өз ісіне адал қызмет еткені үшін қаза болғаннан кейін «Халық қаһарманы» атағы берілді. Марқұмның артында жұбайы Гүлжамал Тәжиева мен Арманжан және Әділжан есімді екі ұлы қалған. Бүгінгі жиынға олар да қатысты.

Гүлжамал Тәжиева, Ғазиз Байтасовтың жұбайы:

– Ғазиз Байтасов өнегелі, өте ұқыпты, өз ісіне абыроймен қарайтын азамат еді. Қызметінен басқа отбасына да, бауырларына да, жолдастарына өте көп көңіл бөлетін. Екі ұлы әкелері сияқты азамат болады деп сенемін. СҚО ІІД қызметкерлері бүгін Ғазиздің ерлігін еске алып, осындай іс-шара өткізіп жатыр. Сіздерге алғысымды білдіремін.

Келген қонақтар естелік ретінде өз тілектерін кітапқа жазып қалдырды. Кейін Ғазиз Байтасовтың құрметіне балалар мен жасөспірімдер спор мектебінде шағын футболдан турнир өтті.

Әспет Әбдірешова