Билік

Бақытжан Сағынтаев өткізген жиында көктемгі егіс науқанына дайындық, «Ақ бұлақ» бағдарламасын жүзеге асыру жайы талқыланды

 

Жұмыс сапары барысында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтев №2 Петропавл жылу- электр орталығына да соқты. Мұнда қондырғыларды жаңғырту бойынша жұмыстар қызу жүргізілуде. Өткен жылы осы бағытта 6 млрд теңге жұмсалыпты. ҚР өңірлік даму министріне 6-шы және 7-ші қазандықтардың жұмысы көрсетілді.

Кейін осы кәсіпорында вице-премьер жергілікті атқарушы билік органдарының басшыларымен жиналыс өткізді. Басқосуда ең алдымен көктемгі дала жұмыстарын ұйымдастыру жайы талқыланды. Биыл 4 млн 338 мың га жерге егін егілмек. Дәнді дақылдардың аумағын 220 мың гектарға азайтып, азық-түлік дақылдарын 70 мың гектарға ұлғайту көзделген. Техниканың дайындығы бүгінде 94 пайызды құрап отыр.

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-2012 жылы 15 млрд теңгенің 1 мыңнан астам техникасы сатып алынды. Жаңа техниканы сатып алуға ниет білдіргендердің саны да артып келеді. Дизель отынының 40 пайызы алынды. Ауыл шаруашылығы саласының барлық бағытын субсидиялауға облысымызға республикалық бюджеттен 7,7 млрд теңге бөлінді.

Өткен жылы облыстағы ауылшаруашылығы кешені 36 млрд теңгеге қаржыландырылды. «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ басқармасының төрағасы Дулат Айтжановтың сөзіне қарағанда өңіріміз мемлекеттік қолдауды пайдаланудан белсенділік танытуда. Бұл бағытта аймағымыз көш бастап тұрған көрінеді.

Кездесуде «Агробизнес-2020» бағдарламасы да кеңірек талқыланды. Атқарушы билік өкілдері маңызды құжаттың әр тетігін жетік меңгеруі тиіс. Сондықтан аймақ басшысы Самат Ескендіров аудан әкімдерінен осы жоба бойынша емтихан алуды ұсыныпты. Бұл бастама бірінші вице-премьердің қолдауына ие болды.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:

-Жеңілдетілген жанар-жағармай беріліп жатыр. Барлық сала бойынша беріліп жатқан субсидияларды дұрыс пайдалану керек. Гербицидтерге 19 млрд бөлінгенде оны пайдалану керек. Бағдарламадағы жұмыстар жасалу керек. Мәселелер шешілу керек. Сонда ғана Елбасының тапсырмасын орындаймыз.

Отырыста «Ақ бұлақ» бағдарламасының жүзеге асырылуы да қаралды. 10 жылдың ішінде өңірімізде бұл бағытта 19 млрд теңге игеріліпті. Нәтижесінде 703 елді мекен тіршілік көзімен қамтылған. Оның ішіндегі 356-сы орталықтандырылған су желісіне қол жеткізді. Үстіміздегі жылы да бұл жұмыстар жалғасын таппақ.

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-2013 ж тұрғындарды тіршілік көзімен қамту үшін 12,1 млрд теңге қарастырылған. Оның 11,9 млрд теңгесі ел қазынасынан бөлінді. Жалпы 631 шақырым құбырды орнату және қалпына келтіруді көздеп отырмыз. Осылайша биыл тағы 2 елді мекенді сумен қамтамасыз етпекпіз.

Облысымызда түйіні тарқалмай келе жатқан өзге мәселелер жайы да сөз болды. Аймақтағы жолдардың жағдайы көңіл көншітпейді.

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Облыстағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 9 мың шақырым. Оның 1,5 мың км-і республикалық, қалғандары облыстық және аудандық маңызға ие. Осылардың 2,5 мың шақырымы қара жол. Бұларға тас жол төсеу керек.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары проблемаларды уақытылы шешу қажеттілігін тілге тиек етті. Облыста Президент жүктеген тапсырмалар біртіндеп орындалып жатыр. Жұмыс сапарымен келген Бақытжан Сағынтаев та бұған көз жеткізді.

 

Айдана Демесінова