Көлік және жолдар

Биылғы жол жөндеу жоспары қомақты

 

Әспет Әбдірешова, тілші:

– Бүгінде облыс аумағындағы жолдардың 60 пайызы жөндеуді қажет етеді. Өткен жылы республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеуге 2 млрд 802 млн теңге қаржы бөлінсе, биыл бұл мақсатта айтарлықтай қомақты сома 5 млрд 95 млн теңге бөлінген.

 

«Аймақтарды дамыту» бағдарламасын іске асыру мақсатында жергілікті маңызы бар автожолдарға жыл басында 3 млрд 445 млн теңге қаржы бөлу жоспарланған болатын. Соның ішінде 2 млрд 547 миллион теңге республикалық, ал 898 млн теңге облыстық бюджеттен. Жолдың сапасы өте нашар, қар кеткен кезде оның зардабын алдымен автокөлік мінген ағайын тартады. Ойылып кеткен жолдар апаттық оқиғалардың орын алуына да себеп болып жатады. Өңір халқы бұл мәселені жыл басында өткен есептік кездесулерде жиі көтерді.

 

Ғалым Тасболатов, СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім бастығы:

– Облыстық мәслихаттың 13-ші сессиясында жолдарды жөндеуге облыстық бюджеттен қосымша 1 650 млн теңге бөлу шешілген, айта кету керек, 2013 жылға алғаш рет облыстық бюджеттен бөлінген қаражат республикалық трансферттерден асып, 2 548 млн теңгені құрады. Бүгінгі күні бөлінген қаражаттың жалпы сомасы 5095млн теңгені құрайды.

 

Бүгінде облыстық маңыздағы жолдардың ұзындығы – 8 мың 998 шақырым. Оның 1 427 шақырымы республикалық, қалған бөлігі облыстық және аудандық маңызға ие. Өңіріміздегі тас жолдар өткен ғасырдың 70-80 жылдары салынған екен. Қосымша қаражатты қайда жұмсау керектігі бұл күні шешіліп те қойған.

 

Ғалым Тасболатов, СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім бастығы:

– Осы бөлінген қосымша қаражатқа келесі жұмыстар атқарылады. 2 шақырымға реконструкция жасалады. Лавровка-Келлеровка-Чкалово бойында. 165 мың квадрат шұңқырды жөндеу. Оған 670 млн теңге қаражат жоспарланып отыр. 5 автомобиль жолында, яғни Покровка-Корнеевка – Горное, Антоновка-Лавровка-Горное, Пресновка-Благовещенка – Қайранкөл жолдарын жөндеуді жоспарлап отырмыз.

 

Жол тауқыметін тартқан жүргізушілер мен жолаушылар бұл жақсы жаңалыққа қуанып, игі бастаманы қолдап отыр.

 

Жолдардың жағдайы мәз емес, нашар. Сондықтан жөндеу қажет.

Жөндеу әрине қажет. Әсіресе шалғайда орналасқан аудандарға өте керек деп санаймын.

 

Әспет Әбдірешова