Бизнес және экономика

“Парыз -2013” байқауы жарияланды

 

 

Жұмыс берушілердің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру. Елбасының бастауымен 2008 жылдан бері қолға алынған “Парыз” байқауы осыған үндейді. Соңғы 4 жылда 2 мыңнан артық отандық кәсіпорын бұл талапты орындап жүргендерін нақты істерімен дәлелдеп лауреат атанған. Былтыр 10 петропавлдықтың қарамағындағылардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған тың бастамалары дипломмен марапатталды. Үш іскердің әлеуметтік жобалары күміс жүлдеге ие болыпты.

 

Эльмира Қайыпова, Петропавл қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Биыл да байқауға ірі, шағын және орта бизнес өкілдері қатыса алады. Үміткерлер меншік нысанының негізгі қызмет бағытын, жұмысшылар санын, өндіріс көлемін және ұжымдық келісім шарт құжаттарын тапсыруы тиіс. Ең бастысы қызметкерлерінің әл-ауқатын жақсартуға бағытталған әлеуметтік жобаларын тапсыруы керек.

 

Ниет танытқандар «Казахстанская правда» газеті, 35 мекенжайы бойынша орналасқан қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде құжаттарын рәсімдей алады. Облыс орталығында тіркелген 3 мыңнан артық бизнес субъектілерінің әрқайсысы “Парыз-2013” байқауына қатысу мүмкіндігіне ие.

 

Элмира Қайыпова, Петропавл қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Байқауға қатысқандар ел көлемінде танылары хақ. Бұл іскерлік әріптестікті нығайтып, тиімді келісімдерге тұрудың аясын кеңейтеді. Байқау лауреаты эмблемасын 2 жыл бойы жарнамасында пайдалану құқығына ие болады. Сондықтан ешкімнің ұтылмайтыны анық.

 

Бұндай мүмкіндіктен кенже қалмаймын дегендердің өтініштері алдағы тамыз айының біріне дейін қабылданады. Жеңімпаздар “Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын”, “Жылдың үздік әлеуметтік жобасы”, “Үздік ұжымдық шарт” аталымдары бойынша анықталады.

 

Жеңіс Ермұқанов