Балалар

Бірлік пен татулық – ел дамуының кепілі

 

Төртеу түгел болса, төбедегі келеді. Еліміз – келісімнің киелі бесігі, тұтастықтың құтты мекені. Тұғырлы мемлекеттің басты құнды қазынасы – бірлігі жарасқан халық. Бұл достықтың қасиетін жоғары бағалайтын қазақ өзгені өзектен теппегенінің жемісі дейді конференцияны ұйымдастырушылар.

 

Сабыр Ыбраев, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ тарих және құқық факультетінің деканы:

– ҰОС дейін, ұжымдастыру, тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде елімізге кешенді түрде қоныстанушылар саны тым көп болды. Солақай саясаттың тәлкегіне түскен басқаны пейілі кең, ниеті түзу қонақжай қазақ құшақ жая қарсы алды. Бауыр басқан қайырымды ұрпағы бүгінде жарқын болашақты бір адамдай жұмылып қалап жүр.

 

Бүгінгі ауызбіршілікке үндейтін шара игі ниет, татулық жолынан адаспағанымыздың енді бір дәлелі. Қаймағы бұзылмаған қоғамның бейбіт тірлігіне тәуелсіздік оты жанғалы сызат түскен емес. Әсіресе дін саласындағы мемлекеттік саясаттың жетілдірілуі рухани сабақтастыңтың бекуіне нық жол салды. Қазақстан халқы Ассамблеясы әр ұлыстың ұйытқысы, достықтың берекелі бекеті, этносаралық дамудың іргелі институты. Бір мүддеге ұйығандар достығымызды көздің қарашығындай сақтап, баянды ету тұрғысында қыруар жұмыс жасауда.

 

Людмила Гривенная, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ доценті:

– Алғашында Ассамблея түрлі ұлттың тілін, дінін, мәдениеті мен салтын зерттеумен айналысты. Қазір түрлі монографиялар мен ғылыми жобаларды жариялай алатын кезге жетті. Достықты дәріптейтін конференциялар мен форумдар ұйымдастырып жүр. Біздің университетте бұл игі шаралардан шет қалмауға тырысады. Өйткені ұлтаралық түсінік баяндылық кепілі.

 

Ғылыми-тәжірибелік конференцияда ұлтаралық келісімді жетілдірудің амалдары қарастырылып, келелі ойлар ортаға салынды. Татулыққа жетелейтін әр бастаманы жиынға қатысқан студенттер бір ауыздан мақұлдайтындарын білдірді. Жалпы облысымыздағы 100-ден астам ұлт өкілдерінің тілдері мен діндері бөлек болғанымен мақсаттары бір. Қуатты ұлт, шуақты ұлыс құру.

 

Жеңіс Ермұқанов